Сарапшы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапарына қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Антон Бугаенко Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға сапары екіжақты қарым-қатынас үшін, әсіресе екі ел басшыларының тұлғааралық қарым-қатынасы тұрғысында үлкен маңызға ие. Қытайда соңғы жарты жылда ел үшін аса маңызды саяси өзгерістер болды. ҚХР көшбасшысы Си Цзиньпин өз билігін нығайтты, ал ҚХР-дың және Қытай коммунистік партиясының басшылар құрамы айтарлықтай өзгеріске ұшырады», - деп атап өтті ол.

Биыл маусымда Қазақстан Президенті Аспан асты елін ұзақ уақыт бойы басқаратын болатын Қытай басшыларының жаңа командасымен кездесті, деп түсіндірді сарапшы.

«Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан басшылығының Сидің жаңа командасымен жеке байланыс орнатуы зор маңызға ие. Сондықтан, ҚР Президентінің Төраға Си Цзиньпинмен және премьер Ли Кэцянмен дәстүрлі кездесуінен бөлек, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (Қытай парламенті) жаңа төрағасы Ли Чжаньшумен кездесуі, сондай-ақ Тұрақты комитет пен үкіметтің басқа да мүшелерімен қарым-қатынас орнатуының маңызы ерекше. Қазақстан мен таяуда ғана сайланған Қытай басшылығы арасында жұмыс атмосферасы қалыптасу үстінде», - деп атап өтті Антон Бугаенко.

Антон Бугаенконың айтуынша, Қазақстан аса тығыз экономикалық ынтымақтастыққа ұмтылуда, өндірісі анағұрлым ауқымды салалар біртіндеп Қытай нарығына бет алуда. Оның пікірінше, бұл жерде елдер үкіметінің іс-әрекетінің үйлесімі бұрынғыдан да маңыздырақ.

Сондай-ақ ол практикалық тұрғыдан Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сиыр еті бойынша ветеринарлық-санитарлық, карантиндік және инспекциялық талаптары туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы хаттамаға қол қойылуы аса маңызды екенін айтты.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапармен келіп, кеше ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.

Нәтижесінде бірнеше құжатқа қол қойылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен, ҚР Президенті Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен кездесті.

Бүгін, 8 маусым күні Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде Халық батырлары ескерткішіне гүлдестесін қою шарасына қатысты. 

Ал 10 маусым күні ҚР Президенті  Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар