Сарапшы меморгандар қызметіне қатысты: Тікелей халықпен жұмыс істеу керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина елдегі жағдай мен Мемлекет басшысының бүгінгі үндеуіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент өз үндеуінде мемлекеттік органдардың жұмысындағы олқылықтар туралы айтты. Осы тұста орталық және жергілікті құзырлы органдардың басшылары халықпен жақындығы жетіспейтін секілді. Дегенмен құзырлы органдардың жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Тек жұртшылықты ақпараттандыру жағы жетіспейді, осыған мән беру керек. Мемлекеттік орган басшылары мен әкімдер аудан, ауылды аралап, жұртпен жүздесіп, тікелей халықпен жұмыс істеу керек. Сол сияқты Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару саласын қайта реформалау керектігіне тоқтала келе, оның меритократия принципіне негізделу керектігін айтты. Осы орайда меритократия принципінің не екенін билік те, халық та дұрыс түсіне білу керек. Меритократия бұл бір жерде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеу дегенді білдірмейді, меритократия білімді, дағдысы бар, қабілетті азаматтардың билік басына келуі деп Мемлекет басшысы нақтылап кетті», - деді Индира Рыстина.

Сарапшының айтуынша, мемлекеттік қызмет саласында маманның қанша уақыт жұмыс істегені емес, қалай жұмыс істей алатындығына мән берілуі тиіс.

«Мемлекет басшысы ерекше тоқталған тағы бір жайт - елдегі бай мен кедей аражігінің алшақтығы. Байлар табысының білгілі бір бөлігін халық игілігіне жұмсағаны абзал деді Президент. Дәстүрімізге қарасақ, тарихтан да белгілі, байлар қара халыққа үнемі қамқор болған. Бизнестің де халықты естен шығармағаны жөн. Осы тұста Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан халқына» атты қоғамдық әлеуметтік қорын құруды айтуға болады. Жалпы ХХІ ғасырда әр саналы азамат қоғам алдындағы жауапкершілікті ұмытпауы тиіс», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар