Сарапшы: Мемлекет пен қоғамның өзара қатынас трансформациясының қажеттілігі пісіп-жетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қатынас трансформациясының қажеттілігі пісіп-жетілді. Мұндай пікірді Астана халықаралық университеті педагогика колледжінің директоры Жансерік Сәттар білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз педагогикалық қоғамдастық ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа үндеуі арқылы көптеген әлеуметтік проблема шешіледі деп ойлаймыз. Осынау қаңтардың қиын-қыстау күндері мемлекеттік жүйеміздің – әскери, құқық қорғау және барлау құрылымдары, жалпы білім беру, азаматтардың қаржылық қорғалуы сынды мәселелердегі осал тұстарын көрсетіп берді», - деді колледж директоры Президенттің таяуда Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген сөзіне орай пікір білдіре келе.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қатынас трансформациясының қажеттілігі пісіп-жетілді. Мұны Мемлекет басшысы да реформаларды көрсетіп отыр.

«Президенттің елдегі ахуалды тұрақтандыруға бағытталған шешімдерін қолдаймыз. Шұғыл қабылданған іс-шараларсыз қарапайым адамдар мен мемлекет үшін жағдайдың мұнан ары қалай өрбуі мүмкін екендігін ойлаудың өзі қиын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде елімізде көптеген дүние жасалды. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп, «Болашақ» сынды білім беру бағдарламасы, «Жастар тәжірбесі» жобасы сәтті жүзеге асырылды. Әлемдік нарықтағы көшбасшы елдермен ынтымақтастық жолға қойылды. Дегенмен, кез келген мемлекеттегідей бізде де дәл қазір шешімін табуы тиісті түрлі сипаттағы проблемалар да бар», - деді ол.

Сонымен қатар колледж директоры Қазақстан Президенті үндеулерінде мұғалім мәртебесіне үнемі мән беретіндігін және бұл бүкіл қоғам дамуының маңызды факторы екендігін баса айтты.

«Мектептерді материалдық тұрғыда қаншалықты жабдықтасақ та, жақсы ұстазсыз білім сапасын көтеру мүмкін екен. Шындығында қазіргі уақытта мектептерде білікті педагогикалық кадрлардың тапшылығы бар. Заманауи тәлім-тәрбие дербес таңдау жасай алатын әрі қабылданған шешім үшін жауапкершілік арқалай алатын, әлеуметтік белсенділік танытатын, өзін өзі дамытуға, рухани шыңдалуға ынталы «жаңа үлгідегі» адамды дамытуға бағдарлануы тиіс. Алдағы уақыттағы реформалардың барлығы да қоғамды шоғырландыру және елімізде ілгерілету үшін жасалады. Біздің ұстанымыз дұрыс. Біз елмен және Президентпен біргеміз», - деді Жансерік Сәттар.


Соңғы жаңалықтар