Сарапшы ҚР Президентінің Мәскеуге сапарына қатысты пікір білдірді

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге ресми сапармен барады. Сапар аясында Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мен Ресей көшбасшыларының кездесуі барысында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ өзекті аймақтық және халықаралық таырыптар талқыға түспек. Сапар қорытындысында бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылатындығы жоспарланған.

Осы орайда ресейлік сарапшы, саясаттанушы, Өңірлік проблемалар институтының директоры Дмитрий Журавлев қазақстандық журналистерге берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың сапарына Ресей тарапы қандай мән беретіндігін және не күтетіндігін айтып берді.

«Қазақстанның жаңадан тағайындалған Президенті өзінің бірінші ресми сапарын Ресейге жасауы РФ мен ҚР арасындағы айрықша қарым-қатынасқа және екі елдің тығыз ынтымақтастығына байланысты. Кез келген елдің жаңа басшысы сапарын өз мемлекетіне маңызы зор елден бастап отырады. Осыған орай егер Қазақстан Президенті алғашқы сапарын Ресейден бастаса, демек Қазақстан үшін Ресей маңызды серіктес саналады», - деді Д.Журавлев.

Сарапшының атап өтуінше, ресейлік тарап Қазақстанның жаңадан сайланған Президенті Қ.Тоқаевпен ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған стратегиялық бағытты жалғастыруға мүдделік танытады және Қазақстанның жаңа көшбасшысымен жаңа жағдайда екі елдің стратегиялық серіктестігі мен ынтымақтастығын нығайтуды қалайды.

«Қазақстанның Тұңғшы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызы мен рөлі Ресей үшін өте үлкен және одан «кейін» не болатындығы аса маңызды. Міне сол «кейін» сәт келіп отыр. Сондықтан біз үшін бұл сапардың «кейіннен» кейін «ертеңнің» болатындығын қуаттауы маңызды. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 25 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде жария еткен стртагиялық бағытын - Еуразиялық интеграцияны дамыту бағытын жалғастыра алатындығына сенімім мол», - деді ресейлік сарапшы.

Сонымен қатар, ресейлік сарапшы Қазақстанның қазіргі халықаралық қатынастардағы айрықша орнына да баса назар аударып өтті.

«Оның маңызын ХХ ғасырдағы Австрияның рөлімен салыстырар едім. Бүгінде Қазақстан әлемдік ауқымда дәл сонлдай рөлге ие болып отыр. Қазақстан бір мезетте АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және араб елдері сенім артатын ел болып отыр. Қазақстан бұл сенім кредитін ізгі мақсаттарға, Еуразиядағы, жалпы әлемдегі тәртіпті орнатуға жұмсап отыр», - деді Д.Журавлев.

Осы орайда саясаттанушы Қазақстан Ресей мен өзге елдердің қарым-қатынасын дамытуда көпір де бола алатындығын баса айтты.

«Қазақстан өзге елдермен Ресейдің арасында көпір де бола алады. Мәселен, қазіргі уақытта Ресейдің Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынасы жақсы емес екендігі белгілі. Сондықтан бұл векторда Қазақстанның Ресей үшін көпір бола алатындығы сөзсіз. Күнтәртібіне әлі түсе қоймаға ауған проблемасы да бар. Оны Қазақстанның қатысуынсыз шешу шүбә келтіреді», - деді ол.

Автор: Медет Ахметов

Соңғы жаңалықтар