Сарапшы Қазақстандағы жастар саясатын дамыту іс-шараларын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік зерттеулер бөлімінің басшысы Жанна Кәрімова Мемлекет басшысының Қазақстандағы жастар саясатын дамыту мәселелеріне қатысты айтқан іс-шараларын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің отырысындағы сөз сөйлеуінде жастарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, жұмыспен қамту мәселелеріне жіті назар аударды. Атап айтқанда, жастардың «Жастар тәжірибесі» және «Менің бірінші жұмыс орным» жобаларына қатысу шарттарын қайта қарау көзделеді. Бүгінде «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында жастарға 6 ай мерзімге уақыта жұмысқа ораласу ұсынылады. Одан ары тұрақты сол жұмыс орнында қалуға да мүмкіндік бар. Іс жүзінде ұсынылатын бос жұмыс орындары жас түлектердің мамандықтарына барлық уақытта сай келе бермейді. Ал жалақы көлемі атқаратын лауазымға тікелей байланысты. Сондықтан жастардың жұмыс тәжірибесінің жоқтығын ескерсек, жалақы мөлшері олардың көңілінен шыға қоймайды», - деді Жанна Кәрімова.

Сарапшының атап өтуінше, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын «Менің бірінші жұмыс орным» жобасына қатысушылардың жалақысы 20 АЕК немесе 61 260 теңге (2022 жылдың 1 қаңтарынан 1 АЕК 3 063 теңгені құрайды) ғана. Ал бұл сома еліміздегі ең төменгі жалақыдан сәл ғана жоғары.

«Мұндай жағдай жастар үшін тартымсыз болып шықты. Жастардың бұл жобалар жайында ақпарат алу және оған жұмылдырылуының деңгейінің төмендігі әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде де белгілі болып отыр. Жобаны жүзеге асыру шарттарының алдағы уақытта қайта қаралуы оған жастардың жұмылу деңгейін арттырып, түптеп келгенде жастардың жұмыс қамтылуын арттыра түсетін болады», - деді бөлім басшысы.

Жанна Кәрімова Мемлекет басшысы белгілеп берген жастарды қолдау және дамыту іс-шараларымен қатар жастар саясаты саласындағы өкілетті орган тарапынан 2021-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы жастарды қолдау кешенді жоспарын жұзеге асыру жалғаса беретіндігін де айтады.

«Ведомстволық жоспар кәсіптік бағдарлау жұмыстарын қамтамасыз ету, аудан орталықтары мен шағын қалаларда жастар үшін мәдени көңіл көтеру орталықтары желісін құру, жастардың, оның ішінде ауылдық жердегі және NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жөніндегі нақты іс-шараларды көздейді. Айталық, осы жылдың 5 қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына «Мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы енгізілді, аталған заң жобасы ясында «NEET санатындағы жастар» түсінігін заңмен бекіту көзделген. Сонымен қатар еңбек жөніндегі өкілетті органға NEET санатындағы жастардың жұмыспен қамтамасыз ету құзіреті беріледі. Бұл іс-шара аталған санаттағы жастарды есепке алу әдістемесін бекітуге және мемлекеттік органдардың олардың әлеуметтік қамсыздануы әрі жұмыпен қамтылуы мәселелеріндегі жауапкершілігін күшейтеді», - деді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар