Сарапшы Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығын жандандыратын факторларды атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапарына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 14-15 сәуірде Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиёевтың шақыруымен жасаған Өзбекстанғы сапары екі елдің экономикалық ынтымақтастығын жандандыруға бағытталған. Бұл ынтымақтастық осыдан біраз уақыт бұрын бірқатар объективті және субъективті себептерге байланысты қиындау болған еді. Дегенмен қазіргі уақытта екі елдің де объективті мүдделеріне негізделген даму қарқын алып келеді», - деді ол.

Оның пайымынша, таяу уақытта екі елдің арасындағы өзара саудадағы ынтымақтастық жандана түсетін болады.

«Егер 2017 жылы Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы 1 млрд 985 млн доллар болса, 2018 жылы ол 2 млрд 488 млн долларға дейін артты. Мемлекет басшысы сапар барысында өзара тауар көлемін жеделдетуге және 2020 жылдың қорытындысында оның көлемін 5 млрд долларға дейін жеткізуге, яғни 2018 жылғы деңгейден екі есе жоғарылатуға ниетті екендігін білдірді», - деді сарапшы.

Оның сөзіне қарағанда, өзара сауда көлемін арттыруға екі мемлекеттердің бір-біріне жақындығы, көліктік-логистикалық алымдардың төмендігі септігін тигізеді. Нәтижесінде екі елдің де нарығы бағасы арзан сапалы өнімдермен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде екі елдің де тұрғындары үшін оң әлеуметтік-экономикалық әсер береді. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстанның инвестиция, инфрақұрылымдық даму, шекара маңы ынтымақтастығы, туризм сынды салалардағы ынтымақтастықты дамытуға да мүмкіншілігі мол.

«Бұл салалардағы кооперация әлеуетін жүзеге асыру үшін нақты қадамдар сапар барысында жасалды. Атап айтқанда, «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселесі бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Екіжақты ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, Қазақстан Президенті Түркістан, Самарқанд және Бұқараны біріктіретін трансшекаралық туристік кластер құру туралы ұсыныс жасады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар