Сарапшы: Қасым-Жомарт Тоқаевқа саясаткер ретінде қоғамдық мандат беріліп отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сарапшы Әнуар Шотбай ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына байланысты жүргізілген Еxit poll сауалнамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше түнгі он екіде Еxit poll-дың мәлімдемесін көрдік. Сол мәлімдемеге қарағанда Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының басым пайызбен, көп дауыспен президенттік сайлауда жеңіске жеткен сыңайы бар. Бүгінгі Орталық сайлау комиссиясының ресми мәлімдемесінде үлкен айырмашылық болмайды деп есептеймін. Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы сайлауда жеңіске жетуі - меніңше, объективті мәселе. Себебі, оның артында Қазақстандағы ең үлкен әрі ең ықпалды электораты, Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін «Nur Otan» партиясы тұр. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен электораты өзінің кандидатына дауыс берді деп есептеймін», - деді сарапшы елордада тілшілерге берген сұхбатында.

Әнуар Шотбай Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең беделді де тәжірибелі, ықпалды саясаткерлердің бірі екенін атап өтті.

«Біз бүгін көретін сайлау қорытындысын Тоқаевқа саясаткер ретінде берілген қоғамдық мандат деп есептеуге толық негіз бар. Жалпы, осы сайлау науқанында үміткерлердің штабтары қалай жұмысты жүргізгеніне бәріміз куәміз. Осы науқан аясында ең белсенді, ең қызықты сайлау науқанын ұйымдастыра білгені - Тоқаевтың штабы екені баршаға аян. Неге десеңіздер, әлеуметтік желілерде, ауылдар мен аудандарда, облыстар мен қалаларда, ЖОО-ларда көппен кездесіп, әлеуметтік топтарды толық қамтыған меніңше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы ғана. Сол себепті, осы сайлау науқанында басым дауыспен жеңіске жетсе - ол объективті мәселе», - деді сарапшы.

Айта кеткен жөн, Еxit poll нәтижесі бойынша 9 маусымда өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы барысында сайлаушылардың 70,13 проценті кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген еді.

Еске сала кетсек, кеше Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлауы өтті.

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болды.

Соңғы жаңалықтар