Сарапшы: Ислам Кәрімов биліктен кеткен жағдайда Өзбекстанның сыртқы саясатында ештеңе өзгермейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Ислам Кәрімов биліктен кеткен жағдайда Өзбекстанның сыртқы саясатында ештеңе өзгермейді. Бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бұрынғы директоры, саясаткер Болат Сұлтанов осындай пікір білдірді.

«Ислам Әбдуғаниұлы Кәрімовтің айығып кетуіне тілектеспіз. Бірақ, ішкі және сыртқы саясаттың барысы қандай да бір дәрежеде ел тізгінен ұстаған тұлғалардың денсаулығына байланысты болатыны белгілі. Сондықтан, Өзбекстан Президентінің ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпаратқа байланысты қауесеттер көбейіп кетті. Өйткені, әдеттегідей білетіндер үндемейді, ал білмейтіндер қауесет таратып, жалған пікір қалыптастырады. Сондықтан, Өзбекстан тарихындағы бұл кезекті оқиғаның қалай аяқталатыны туралы нақты бірдеңе деу қиын», - деді Б. Сұлтанов.  

Оның пікірінше, Өзбекстан - Орталық Азия өңірінде маңызды мемлекеттердің бірі.

«Қазір, Өзбекстандағы билік мұрагерлігіне қатысты екі пікір бар. Бірі Өзбекстанда Премьер-министр Шавкат Мирзияевтің ел тізгінін ұстайтындығы жайлы болса, екіншісі Президенттің қызы Гүлнар Кәрімованың билікке келетіндігі жайлы. Дейтұрғанмен, ол биліктің мұрагерлігінен аластатылған. Бірақ, Орталық Азияда өмір сүреміз ғой. Сондықтан, барлығы өзгеруі мүмкін», - деді сарапшы.

Оның пікірінше, қазіргі жағдайда болжам жасау өте қиын.

«Бұл Шығыс қой. Бірінші қыркүйекке дейін қандай да бір болжам жасау өте қиын. Өйткені, 1 қыркүйек - Өзбекстанның тәуелсіздік күні», - деді саясаткер.

Сонымен қатар, ол елдің амандығы, қауіпсіздігі бір адамның денсаулығына тәуелді бола алмайтындығын айтты.

«Өзбекстанның сыртқы саясатында ештеңе өзгермейді. Өйткені, Орталық Азияның басқа да елдері секілді Ресей мен Қытай және Ислам әлемі арасында орналасқан. Бірақ, қандай да бір тактикалық өзгерістер орын алуы мүмкін», - деді ол.

Оның пікірінше, Қазақ-өзбек қарым-қатынасы достық сипатта қала бермек.

«Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияда көшбасшылыққа таласып жатыр» деген пікір жиі айтылады. Мұның барлығы бекер сөз», - деді Б. Сұлтанов.

Ал, Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметінде Ислам Кәрімовтің денсаулығына қатысты жаңа деректер айтылған жоқ.

Естеріңізге сала кетелік, 78 жастағы Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы тұңғыш рет ресми түрде хабарланды.

Министрлер кабинетінің хабарлауынша, медициналық тексеру жүргізуге және емделуге белгілі бір уақыт керек».

Соңғы жаңалықтар