Сарапшы елорданың радиациялық жағдайына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Садуақас Байғабылов елорданың радиациялық жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресей Федерациясының Архангельск облысындағы әскери полигондағы оқиғадан (жарылыс) кейін Нұр-Сұлтан қаласында радиациялық фон артуының ешқандай қатері жоқ. Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жыл бойғы санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг аясында елорда аумағындағы радиациялық ахуалға ай сайын бақылау жүргізеді», - деп атап өтеді С.Байғабылов.

Өлшем нәтижелеріне сәйкес 20 тамызда Нұр-Сұлтан қаласындағы радиациялық ахуал тұрақты деп бағаланады және ешқандай да ауытқу жоқ. Қала аумағындағы гамма-сәулелену мөлшерінің қуаты 0,06-0,16 мк Зв/сағатты құрады. Мәселен, адам күнделікті өмірінде 0,22-0,30 мкЗв/сағат шегіндегі табиғи гамма-фон әсерінде болады.

«Бүгінгі күні елордада Архангельск облысындағы жарылыстың салдарына қатысты алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Дүрбелең туғызып, алаңдауға еш негіз жоқ. Жағдай департаменттің бақылауында, радиациялық ахуалға мониторинг жалғасып жатыр», - деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Ресейдегі жарылыстан кейін ел аумағында ауада радиацияның артуы тіркелмегені турлы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар