Сарапшы дизель отынының тапшылығы туралы: Нарық заңдылығына ұзақ уақыт төтеп беру мүмкін емес

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет дизель отынының бағасын ұзақ уақыт тежеп, ұстап тұруға күш салды. Бірақ, бәрібір нарық заңдылығына қарсы тұру мүмкін емес. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында мұнай-газ саласы бойынша тәуелсіз сарапшы Олжас Байділдаев мәлім етті.

«Соңғы ақпараттарға сүйенсек, еліміздің кейбір өңірлерінде дизель отынының тапшылығы байқалады. Себебі түсінікті - ішкі нарықта дизель отынының долларлық балама бағасы тым төмен. Сәйкесінше, дизель отынын жеткізушілерге ішкі нарықта сату тиімсіз», - деді О. Байділдаев.

Сонымен қатар, сарапшы кезінде АИ-92 бензині бойынша да дәл осындай тапшылық жағдайы қалыптасқандығын, сөйтіп, АИ-92 бензинінің бағасы еркін айналымға жіберілгендігін ескертті.  

Оның айтуынша, дизель отыны бағасының әлеуметтік-экономикалық әсері үлкен. Өйткені, оны ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер және өнеркәсіптік кәсіпорындар пайдаланады.

«Осыған байланысты, мемлекет дизель отынының бағасын ұзақ уақыт ұстап тұруға күш салды. Бірақ, бәрібір нарық заңдылығына қарсы тұру мүмкін емес. Біздің болжамымыз бойынша, баға біртіндеп көтеріледі. Бір айдың ішінде 5-7 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Сондай-ақ, бағаға дизель отынының әлемдік бағасы және валютаның айырбас бағамы әсер ететін болады», - деді ол.

Бұдан басқа, ол Қазақстан мен Ресейдегі мұнай өнімдері бағасы арасындағы айырмашылықтың ішкі нарыққа әсер ететіндігін айтты. 

«Дүниежүзілік сауда ұйымы және Еуразиялық экономикалық одақ аясында мемлекет тарапынан ішкі нарыққа көрсетілетін қолдау азая бермек. Демек, ішкі бағалар қымбаттай беретін болады», - деді Олжас Байділдаев. 

Соңғы жаңалықтар