Сарапшы: Басы артық бюрократиядан арылудың бірден-бір жолы – Электронды үкіметтің тәжірибесін пайдалану

None
Фото: kisi.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Электронды Парламент» жобасы Бразилия, Корея Республикасы, Эстония сияқты елдерде сәтті қызмет етіп тұр. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы Қуаныш Сайлау ҚазАқпарат тілшісіне осындай пайымын айтты.

«Мемлекет басшысы 29 наурыз күні Парламенттің VIII сайланымының алдында сөйлеген сөзінде көптеген өзекті мәселелерді көтерді. Солардың арасында мемлекетті басқару және стратегиялық жоспарлау мәселелерін қозғады. Бұл бағыттың маңыздылығы тиімді қызмет атқаратын мемлекеттік аппаратты құруда. Яғни, экономикалық, әлеуметтік реформалар қаншалықты маңызды, қаншалықты басым мәселе болса да, оны жөнді жоспарлап, дұрыс орындайтын жүйе болмаса, оның іске аспауы әбден мүмкін», - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ол Үкімет және басқа да билік органдары қағазбастылықтан арылуы керектігі талайдан бері айтылып жүргенімен, іске асуы әлі де жеткіліксіз деңгейде қалып тұрғанын айтады.

«Шамадан тыс бюрократизациядан арылудың бірден-бір жолы – электронды үкіметтің тәжірибесін барынша пайдаланып, ауқымын кеңейту. Екімыңыншы жылдардың ортасынан бері келе жатқан осы бастаманың арқасында Қазақстан цифрландыру деңгейі бойынша үздік мемлекеттердің қатарында тұр. Дүниежүзілік Банктің GovTech Maturity Index рейтингіне сәйкес Қазақстан жоғарғы «А» тобына енді.

Мемлекет басшысы ұсынған «Электронды парламент» – электронды үкіметтің логикалық жалғасы. Қазірдің өзінде Сенат пен Мәжілістің отырыстары тікелей эфирде қолжетімді және қос палатада қозғалатын мәселелерді кез келген азамат қарай алады. Әрі қарай даму мақсатында электронды дерекқорларға заң жобаларын жүктеп, қажет жағдайда көпшілік арасында талқылау жариялап, Парламенттің жұмысын барынша жетілдіруге болады», - дейді Қуаныш Сайлау.

Оның пікірінше, депутаттарға да қағазбастылықтан арылатын кез жетті.

«Бұл практиканы Бразилия, Корея Республикасы, Эстония секілді көптеген мемлекеттердің заң шығарушы органдары сәтті қолданады. Депутаттардың жұмысын осылайша ұйымдастыру арқылы дебюрократизацияға жол ашуға болады.

Бұл үдерістің тағы бір оң ықпалы – билік басындағы ашықтық пен айқындық. «Ашық НҚА» секілді электронды ресурстар барлық азаматтарға қолжетімді. Заң шығару үдерісі осылайша ашық талқыланса, халық Парламенттің залдарында не талқыланып жатқанын біліп отырады. Қажет болса, олар облыс немесе округ атынан сайланған Сенат не Мәжіліс немесе депутаттармен байланысып, оларға өз пікірін де білдіре алады. Тікелей өкілеттікті осылайша қолдануға халқымыздың мүмкіндігі бар», - деді сарапшы.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында мемлекеттік аппарат пен норма шығару процесінің қызметін бюрократиясыздандыру бағытындағы жұмыстарды аяғына жеткізуді тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар