Сарапшы бассыз кеткен бағаны тұрақтандырудың жолдарын атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экономист Петр Своик ең қажетті деген азық-түлік тауарларының бағасын 15 «баға зәкірі» арқылы ауыздықтауға болатынын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экономист елдегі бағаны тұрақтандыру үшін тұтынушылардың төлем қабілеті жоғары болу керектігін айтады. Бірақ бұл жерде баға төлем қабілетінің алдына түсіп кетпеуі керек.

«Отбасылық бюджеттердің тең жартысынан көбі ішіп-жемге кетіп жатыр. Яғни, халықтың төлем қабілетін көтеру керек деген сөз. Тіпті бұл халық үшін емес, елдің экономикасы үшін жасалатын шара. Экономикада төлем қабілеті жоғары тұтынушы болғанда ғана баға тұрақтанады. Бірақ төлем қабілетін арттыруға тырысып, бағаны бақылауға тырыспай қойсақ, одан пайда жоқ. Бағаға ырық беріп қойсақ, ешкім қуып жете алмайды», - дейді сарапшы.

Ол мұндай жағдайда «баға зәкірлері» деген тәсілді қолдану тиімді деп есептейді.

«…Кем дегенде 15 «баға зәкірін» анықтап алу керек. Яғни, бұл тауарлардың бағасын мемлекет белгілеп, оны тұрақты ұстап тұру үшін инвестициялық, кредиттік, монополияға қарсы, ұйымдастыру тәсілдерін қолданады. Ол үшін ішкі нарықта мемлекет баға белгілейтін тауардың тапшылығы болмауы шарт. Мұны жасау қиын емес. Міндет қойсақ болды», - дейді Петр Своик.

Экономист «баға зәкірлерін» қандай тауарларға қолдануға болатынын да айтты.

«Баға зәкірлері қандай болу керек? Біріншісі – КВт-сағ. Өйткені қажетті тауардың бәрі электр қуатының күшімен өндіріледі. Екіншісі – бензин немесе дизель. Үшіншісі – ұн. Әрі қарай бір литр күнбағыс майының бағасы мен бір литр сүт бағасын белгілер едім. Құрылыста цемент пен арматураның, теміржол тасымалының бағасын белгілеу маңызды. Қысқасы, мемлекет 15 зәкірді атап, бұлардың бағасын мемлекет бақылауында ұстап тұрғанда басқа тауарлардың бағасы ешқайда кетпейтінін түсіндіруі керек», - дейді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар