Сарапшы: «Аманатпен» бірге Қазақстан саясатына жариялылық оралады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Никита Шаталов «Nur Otan» партиясының «Аманат» болып қайта аталуы мен партия съезінде қабылданған шешімдер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің ойымша, қоғамның басты назары қай кездегідей партияның аты өзгергеніне ауып отырған сияқты. Негізі бірінші кезекте Президент айтқан бастамаларға назар аудару керек. Ең алдымен, партиялық аппаратты орталықсыздандыру туралы айтты. Орталық аппарат дамудың негізгі векторларын белгілеп, ортақ идеологияны, қандай да бір деңгейлік шараларды әзірлеуге тиіс. Ал жергілікті орындарда нақты мәселелер шешілуі тиіс екендігі айтылды. Егер ол мәселелер республикалық және жүйелі сипатқа ие болса, Парламент деңгейіне шығарылуы керек», - деді агенттік тілшісіне Никита Шаталов.

Спикердің айтуынша, Президент партия өкілдеріне бұдан былай депутаттық сауалдармен шектелу аздық ететінін дипломатия тілімен ұғындыра алды.

«Партия мүшелеріне - сайлау арқылы Мәжіліске, мәслихаттарға өткендерге сайлаушылармен тікелей тілдесу керек. Екі арадағы қарым-қатынас пікірсайыс арқылы өтуі керек. Яғни, мұндай транспаренттілікті, депутаттардың немесе бастауыш партия ұйымдары басшыларының рейтингілері арқылы енгізуге болады. Бұл партияның жұмысын одан да айқын етеді. Саясаттың қалыпты ережелеріне сәйкес әрекет етудің, адамдармен, журналистермен, қоғам өкілдерімен сөйлесуден қорықпаудың қажеттілігі туындап отыр. Ең маңыздысы, Қазақстан саясатына жариялылық оралады», - деп түйіндеді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар