Сарапшы Алмасбек Садырбаев: Президенттің сөзі министр мен әкімдер үшін дабыл болуы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістегі кешегі сөзінде елдің жағдайына қатысты әрбір салаға жеке-жеке тоқталып, нақты тапсырмалар жүктеді. Соның ішінде Президент ауыл шаруашылығына да ерекше назар аударған болатын. Осыған орай, ҚазАқпарат ауыл шаруашылығы саласында көптен бері өзекті мәселені көтеріп жүрген сарапшы Алмасбек Садырбаевтың пікірін ұсынып отыр.

«Кеше Мемлекет басшысының үндеуін баршамыз тыңдадық. Онда біраз дүние айтылды. Бірінші қуантарлық жағдай, утилизациялық алым. Президент утилизациялық алым тоқтатылсын деді. Өткен аптада мен ауыл шаруашылығы министрімен кездестім, кездесуде министрмен ауыл шаруашылығы саласы бойынша утилизациялық алымды алып тастау жөнінде де әңгіме қозғадық. Ербол Қарашөкеев бұл бастаманы қолдайтынын білдірді. Түсінгенім, автокөліктер үшін утилизациялық алымды төмендетеді, ал ауыл шаруашылығы саласы, техникасы үшін мүлдем алып тастау жағы қаралып жатыр. Бұл дегеніміз ауыл шаруашылығы техникасы арзандайды деген сөз», - деді Алмасбек Садырбаев

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы өз үндеуінде ауыл шаруашылығы саласына да ерекше мән берді.

«Президент Үкіметтің тұқыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз етумен қатар, егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстау керектігін айқындап берді. Иә, ауыл шаруашылығы саласына қаржы бөлініп жатыр. Былтыр 72 млрд теңге қаражат бөлінген, бірақ оны көбінесе ірі шаруашылық қожалық иелері алып жатыр. Осы орайда ұсақ шаруашылықтарды да назардан тыс қалдырмаса. Оның пайдасы неде Үкімет көктемде 1 пайыздық мөлшерлемемен қаражат береді, ал шаруа оны күзде өнім түрінде қайтарып береді. Шыны керек, ауылды ағайын біз соны сұрамай, алмай жүрміз. Енді сол мүмкіндікті пайдаланайық, бұл жақсы амал», - дейді ол.

Сондай-ақ, сарапшы қуаңшылықпен күресте ел болып болып жұмылуға шақырды.

«Мемлекет басшысы үндеуінде «соңғы жылдары елімізде қуаңшылық болды, болжам бойынша биыл да ахуал күрделене түсуі мүмкін», деді. Сала мамандары да елдегі жауын-шашын мен қардың түсу мөлшерін қадағалап, осы ойға келіп отыр. Президенттің бұл сөзі сала министрлігі мен өңір әкімдері үшін нақты дабыл. Мақсат – қуаңшылықтың алдын алуымыз қажет. Және оны бір ғана министрлікке артып қойған дұрыс емес, бәріміз жұмылуымыз керек», - деді А. Садырбаев.

Одан бөлек, маман ауыл шаруашылығы үшін берілетін субсидия мәселесіне тоқталып өтті.

«Ауыл шаруашылығына қатысты бұрыннан келе жатқан тағы бір проблема. Ірі қара және ұсақ малды асылдандыру, ұрықтандыру мәселесі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған да тоқталып өтті. Яғни мал тұқымын асылдандыруға берілетін субсидия ашық әрі әділ түрде берілуі керектігіне жіті айтты. Біз ашықтықты қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін біз шаруаларға субсидияны алу әдіс-тәсілдерін үйретеміз. Сондықтан малды асылдандыру мен ұрықтандыруға берілетін субсидияны алып тастайды деген бекер сөз», - деді ол.

Еске салсақ, кеше Мемлекет басшысы өз үндеуінде Үкіметке тұқыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін науқанын қатаң бақылауда ұстауды тапсырған еді.


Соңғы жаңалықтар