Сарапшы: Әлем елдерінде дарынды жастар үшін күрес күшейеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зерттеу және консалтинг орталығының серіктесі Әнуар Боранбаев Қазақстандағы адами капиталға алдағы уақытта екі фактордың әсер ететініне болжам жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшы онлайн баспасөз мәслихаты барысында адами капиталдың дамуының негізгі бағыттарымен таныстырды. Оның пікірінше, сыртқы ықпал факторлары туралы айтқанда, қазақстандық адами капиталға жаhандық екі тренд әсер етеді. Бірінші топ – дарындылар үшін күрес. Дамушы елдерден «білімді жастардың қоныс аударуы» күшейеді. Екінші топ тренді дағдылардың трансформациясына байланысты. Сауаттылық, қол еңбегі мен ресми диплом жұмыс пен жақсы табысқа уақыт өткен сайын кепіл бола алмайды.

«Үш біліктілік тобына деген сұраныс екпінді түрде өсіп келеді. Олар: технологиялық біліктілік, технологияны түсіне білу, инновацияны даярлай білу және тиімді қолдана білу болса, екіншісі қоғамдық және эмоциялық біліктілік – кәсіпкерлік, көшбасшылық, ынталылық, коммуникативтік қабілеті, үшіншісі жоғары когнитивтік икемділік – креативтік, сын тұрғысынан ойлау, қиын ақпаратты өңдеу білу», - дейді сарапшы Қазақстанды модернизациялау және жүйелі реформаларды жүргізу мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын таныстыру кезінде.

Айта кетсек, бүгінгі онлайн баспасөз мәслихатында Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшылары елді жаңғырту мәселелері бойынша жүргізілген жүйелі сараптамалық зерттеу нәтижелерін таныстырған болатын. Ғылыми жобаның басты қорытындылары онлайн-көрсетілім барысында таныстырылды. Ауқымды зерттеу жұмысы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының тапсырмасы бойынша 2019 жылы басталған.


Соңғы жаңалықтар