Сарапшы 2025 жылға қарай мұнай өнімдерін ең көп тұтынатын елдерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «GlobalData» (Лондон) компаниясының мұнай және газ бағыты бойынша директоры Радж Шехар 2025 жылға қарай мұнай өнімдерін ең көп тұтынатын мемлекеттерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта әлем бойынша мұнай қорының 33 пайызы - Таяу Шығыста, 20 пайызы - Солтүстік Америкада, 13 пайызы - ТМД елдерінде, 10 пайызы - Африкада, 7 пайызы - Оңтүстік Америкада, 4 пайызы - Еуропада шоғырланған. Өз аймақтары бойынша Әзербайжан мен Қазақстан мұнайдың ірі экспоршылары ретінде позициясын сақтап отыр. Шикі мұнайды қабылдайтын басты аймақ – Еуропа елдері. Бұл ретте Қазақстанның белсенділігін ерекше атап өту керек. Өзінің географиялық артықшылығын пайдалана отырып, Қазақстан батысында - Каспий теңізі, шығысында - Қытай арқылы мұнай экспортын арттыруды көздейді», - деді Радж Шехар елордада өтіп жатқан «Орталық Азиядағы мұнай өңдеу мен мұнай химиясы» атты халықаралық конференцияда.

«GlobalData» компаниясы өкілінің айтуынша, мұнай өнімдерін тұтыну жағынан 2019 жылы АҚШ көш басында тұрғанымен, 2025 жылға қарай Қытай нарықтың ең үлкен үлесіне ие болады.

«Қытай мен Үндістанның келешекте мұнай өнімдеріне деген сұранысы арта береді. Өздеріңіз білетіндей, баламалы энергия көздерін іздеу, отын мен қалдықтарды шығару бойынша стандарттарды енгізу, қысқа және ұзақ мерзімде сұраныс өсімін шектеу мәселелері бар. Әйтсе де, мотор майы, бензин, дизель отыны, сондай-ақ, төмендетілген мұнай-газ - негізгі сұраныстың басты факторлары ретінде қала береді», - деді ол.

Радж Шехар Орталық Азияда мұнай өнімдеріне сұраныс 30 пайызға артқанын айтады. Сарапшының ойынша, бұл тенденция әлі сақталады.

«Орталық Азия елдеріндегі мұнай өңдеу зауыттарының қуаттылығын арттыру ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аймақ мұхитпен шектесіп жатқан жоқ. Сол себепті, табысты тек экспортты арттырумен ғана көбейтуге болады», - деді «GlobalData» компаниясының мұнай және газ бағыты бойынша директоры.




Соңғы жаңалықтар