Сарапшы: 130-бапты декриминализиялау – демократизация мақсатымен үндеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабы декриминализациялау туралы ұсынысына қатысты Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бөлім басшысы, заң профессор Зараб Қазиев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қылмыстық кодекстің 130-бабы («жала жабу») өзінің мақсатына сәйкес құқық қорғау, алдын-алу, адамдардың абыройы мен өзге де заңды құқықтарын қорғау қызметін атқарады. Сонымен бірге осы баптың жағымды жақтарын айта отырып, келесі жағдайларға назар аударған жөн. Жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық қудалау қаупі, соттылықтың салдары азаматтық белсенділікті, сөз бостандығы және маңызды пікірлерді шектейді. Меніңше, Президент осы мәселені ұғына отырып, қылмыстық жауапкершіліктен алып тастауды ұйғарып отыр», - деп түсіндірді Зараб Қазиев.

Адвокат көптеген демократиялық дамыған елде (Грузия, Украина, Польша және басқалары) жала жабу қылмыстық іс есебінде реттелмейтінін атап өтті.

«Декриминализацияның уақтылы айтылуы мен мақсатқа сәйкестігі мемлекет пен қоғам арасында тең диалог орнатуға ықпал етеді. Сөз бостандығына, салауатты азаматтық белсенділікке серпін береді. Бұл ретте халықтың өзі, оның белсенді өкілдері, БАҚ, журналистика да баға жетпес рөл атқарары анық», - деді заңнама және құқықтық ақпарат институтының бөлім басшысы.

Зараб Қазиев жала жабу қылмысын әкімшілік құқық бұзушылық санатқа ауыстыру заңдық жауапкершілік пен жазалаудың орынды шараларын жолға қоятынын айтады. Сонымен қатар, кінәлінің келтірілген залал мен моральдық зиянды өтеудің азаматтық-құқықтық тәртібі бұрынғысынша сақталады.

«Қазақстан Республикасының заң шығару және құқықтық ақпарат институты еліміздің заңнамасын жетілдіруге қатысты өз функцияларына сәйкес жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық кеңес отырысында жеке тұлғаның құқықтарын шын мәнінде жала жапа шегетін, зұлымдық әрекеттерден қорғаудың жоғары деңгейін көздеу қажеттігін ерекше атап өтеді. Осылайша, қабылданатын шаралар азаматтардың жауапкершілігін төмендетудің алдын алуға, заңды мінез-құлыққа ықпал етуі тиіс. Менің ойымша, ауыр зардаптарға әкеп соғатын әрекет кезінде қылмыстық жауапкершілік қалдырылуы мүмкін. Басқа жағдайлар бойынша жала жабу әкімшілік құқық бұзушылық ретінде саралануы тиіс. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жаңа тәртіп бойынша қандай жаза қолданылады – Парламент шешеді», - деп атап өтті спикер.

Ол сондай-ақ жала жабуды декриминализациялау туралы мәселені шешумен қатар ҚК-нің 131-бабын қылмыстық теріс қылықтар санатынан әкімшілік құқық бұзушылықтарға ауыстыру қажеттігі туындағанын жеткізді.

Еске сала кетсек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабы декриминализациялау керектігін атап өткен еді.

Соңғы жаңалықтар