Саранда жас дәрігерлерге пәтер кілттері табыс етілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Саранда Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында жас дәрігерлерге пәтер кілттері берілді. Салтанатты шараға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қатысты, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан бұрынғы тіс емханасы жөнделіп 11 пәтерге айналды. 8 бір бөлмелі және 3 екі бөлмелі. Олар жас дәрігерлерге берілді. 

- Бүгін жақсы күн, осында тұратын, еңбек ететін және халық денсаулығын қорғайтын жас дәрігерлерге пәтер беріп жатырмыз. Мен тізімді қарап шықтым: барлық дәрігерлер еліміздің түрлі аймақтарымыздан келген екен, көбісі отбасын құрмағандар. Мен сіздер осы жерде жұмыстарыңыздан ләззат алып, жеке бастарыңыздың бақытын табатындарыңызға күмәнім жоқ,- деді Ерлан Қошанов.
Облыс әкімі жаңа қоныстанушыларды мерекелерімен құттықтап, оларға жемісті жұмыс пен мансап сатысымен жоғары көтерілулерін тіледі. 

 Жас дәрігерлерге арналған пәтерлерді жөндеуге жергілікті және облыстық бюджеттен 52 млн теңге жұмсалған. Техника мен жиһаз демеушілердің қаражатына сатып алынды. 

 Пәтер үлгісіндегі жатақханада әр тұрғын үйлерде ас үй, жуынатын бөлме мен кіреберіс, ал тұрмыстық техникадан - кір жуғыш машина, тоңазытқыш, су ысытқыш құрылғылар, теледидар және т.б. бар. 
Пәтерлер Саран қаласының Орталық ауруханасының қарауында.



- Біз жұбайымыз екеуіміз Қарағандыда, медициналық университетте оқып жүргенде таныстық. Мен өзім Екібастұздың тумасымын, әйелім Петропавлдікі. Менің мамандығым хирург, ол - терапевт дәрігер. Өткен жылы ЖОО тәмамдадық та үйлендік. Университетте жүргенімізде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен болатын, сол кезде бізге Саран қаласының Орталық ауруханасында жұмыс ұсынды, шарт бойынша жұмысқа орналассақ пәтер береміз деді. Біз келістік. Баспана үшін біз ақша төлемейміз, тек коммуналдық төлемді ғана өтейміз. Пәтерде қажеттінің барлығы бар, бізге барлығы ұнайды, - деді қоныстанушылардың бірі Самат Камалов. 

 Айта кету керек, жас медиктерді баспанамен қамту - аймақтағы басым бағыттардың бірі. Биылғы жылы облыстың әр қаласында медициналық мамандарға 60 пәтер беру жоспарланып отыр. 

Соңғы жаңалықтар