Сараланған грант моделін зерттеп жатырмыз – Саясат Нұрбек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 30%-дан 100%-ға дейінгі сараланған білім гранты моделін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі білім саласына қысым жасап отырған ең бірінші мәселе – демографиялық ахуал. 2020 жылдың қорытындысында Қазақстанда 425 мың бала дүниеге келді. Ал 2021 жылы 450 мыңнан астам бала туды. Соңғы рет бұл рекорд ХХ ғасырда 1987 жылы 417 мың бала болған еді. Яғни ХХ ғасырда қазақ халқының бір ғана рекорды 417 мың болған еді. Ал ХХІ ғасырдың екі жылында қатар рекорд жаңартылды. Биыл елімізде 400 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды. Ал, 170 мың оқушы мектеп бітірді. Яғни, 10 жылдан кейін мектеп бітірушілер саны екі жарым есе артады деген сөз. Жоғары білім алғысы келетін жастардың қатары да көбейетіні түсінікті. Қыркүйекте 177 мыңға жуық бала жоғары оқу орнының студенті атанды. Ал, жалпы студенттер контингенті 609 мыңнан асты», - деді С. Нұрбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары грант саны артқан. Биыл 88 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп.

2025 жылға дейін жыл сайын мемлекеттік грант саны 10 процентке артып отырады.

«Дегенмен, жоғары білімге қолжетімділік тетіктері кеңейтілуі керек. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен сараланған гранттарды (30%-дан 100%-ға дейін) енгіземіз. Бұл неліктен маңызды? Бір жағынан біз толыққанды дарынды немесе әлеуметтік осал топтан шыққан балаларды, ауыл балаларын түгел қамтамасыз ете алмаймыз. Екіншіден, 120 балл алған, 75 немесе кей мамандықтарда 50 балл алған талапкерлерге біркелкі грант беріледі», - деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Қазіргі уақытта жұмыс тобы құрылған. Сараланған грант моделін пысықтау, шетелдік тәжірибелерді зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Мәселен, АҚШ немесе Еуропа сынды дамыған елдерде дарынды бала грантты сөзсіз 100 пайыз иеленеді, алайда әр отбасының әлеуметтік жағдайына зер салып, үздік жоғары оқу орындары жеңілдік беріп жатады. Яғни, грантты саралап, бөлшектеп береді. Оларды 30-40 пайызға бөліп береді. Осы модельді мұқият қарастырып жатырмыз. Оның негізгі мақсаты - демографиялық толқынды алдын ала ескеріп, жоғары білімге қолжетімді тетіктерді пысықтау», - деді С. Нұрбек.


Соңғы жаңалықтар