Сәпиев тұсауын кескен сәби бокс қолғабын таңдады

None
None
ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты, Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттермен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ЕҰУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ұйымдастырған.

«Серік Сәпиев - білімді, еңбекқор, табысты қазақстандықтардың бірі. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында студенттер үшін еліміздің көк туын желбіреткен талапты спортшы, Парламент мінберінде ел мүддесін көтеріп жүрген патриот депутатпен кездесу ұйымдастырып отырмыз», - дейді кездесудің жүргізушісі Анатолий Башмаков.

Еркін сипатта өткен кездесуде Сәпиев студенттер сұрағына жауап беріп, өз естеліктерімен, табыстарға жету сыры жөнінде ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Сондай-ақ, аталған кездесуде университет қызметкері даңқы чемпионға ұлының тұсауын кесу жөнінде өтініш білдірді. Сәпиев өтінішті жерде қалдырмады және ала жіпті өз қолымен байлап, 1 жастар Әлтайырдың тұсауын кесті.

Бір қызығы, кішкентай Әлтайыр кітап, ақша, қамшының арасынан бокс қолғабын таңдады.

Сәпиев мұны жақсы ырымға балады және сәбиге ақ жол тіледі.

nullnullnull

Сондай-ақ, кездесуде Сәпиев Олимпиада жеңіске жету үшін 17 жыл тер төккенін, спортшыға төзімділік пен табандылықтың ауадай қажет екенін атап өтті.

«Мен туып-өскен Абай қаласында бокс мектебі жақсы дамыған. Ондағы әрбір үшінші тұрғын бір кездері бокспен айналысқан болып шығатын. Өзім боксқа 10 жасымда келдім. Жолым болып, жақсы ұстаздарға тап болдым. Әрі қатал, әрі мейірімді Александр Стрельниковтің сабағын алдым. Ол бізді босаңсып кетпесін деп, 31 желтоқсан мен 1 қаңтар күндері де жаттықтырып қоятын», - дейді чемпион.

Сонымен бірге, студенттермен кездесуде Сәпиев сәтсіздіктерге мойымауды, кез келген оқиғаның ұтымды тұстарын көре білу қажеттігін баса айтты.

Спорттық бағыттағы мектепті бітірген соң, университетке түскім келді. Ата-анам да жоғары білім алғанымды қалады. Бірақ оқуға төлейтін қаражат болмады, грантқа да түсе алмадым. Содан оқуды кейінге қалдырып, бос уақытымды боксқа арнадым және алты айдан кейін спорт шебері нормативін орындадым. Бұл менің алдағы тағдырымды айқындауға көмектесті. Кейінірек Қарағанды мемлекеттік университетіне дене тәрбиесі факультетіне түстім.Тағдырдың жазуы шығар. Егер сол жолы оқуға түскенде, боксты шетке ысырар едім ғой», - деп өз сөзін жалғастырды С.Сәпиев.

Серік Сәпиев кез келген боксшы армандайтын атақ-даңқтарға жетістіктерге қол жеткізген.  Ол 2004 жылы қарағандылық боксшы әскерилер арасында әлем чемпионы атанып, өзінің алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді. Сол маусымда ол 60 келі салмақ дәрежесі бойынша Қазақстан чемпионы атанды. 2005 жылы 64 келі салмаққа ауысып, Қытайдың Миньян қаласында өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғады. 2007 жылы АҚШ елінде алтын медальді жеңіп алған Серіктің есімі спорттық шежіресінде екі мәрте әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық боксшы ретінде тіркелді. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында шаршы алаң иесі Фредди Эвансты 17:9 есебімен тізе бүктіріп, чемпион атанды және Олимпиаданың ең үздік боксышына берілетін Баркер кубогын иеленді. 2013 жылы спорт саласындағы ерекше жетістіктері үшін отандасымыз  «Спорт бойынша ЮНЕСКО чемпионы» құрметті атағына қол жеткізді.

Соңғы жаңалықтар