Саперлар Арыстағы қойманың аумағын тазартуға кірісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрлігінің инженер-сапер бөлімшелері Арыста қойма сыртындағы аумақтарды тазалап болып, енді қойма аумағын тазалау жұмыстарын бастады. Әскери қалашықты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Апта сайынғы сапары барысында қорғаныс ведомствосының басшысы қалашықтағы жөндеу жұмыстарымен танысып, орындалған жұмыстардың нәтижесі туралы баяндамаларды тыңдады. Қорғаныс министрі қойманы сапалы тазарту және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет екенін айтты әрі қалпына келтіру және жою жұмыстарына қатысты бірнеше тапсырмалар берді.

Арыста әскери қызметшілер төтенше жағдай салдарын жойып жатыр. Оқ-дәрілердің бөлшектерін іздеп тауып, көзін құртуғға инженер-сапер топтары жұмылдырылған. Қазірге дейін олар 150 мың бөлшекті тапты. Бүгінге дейін саперлар 1 250,7 шаршы километр – Сингапурдың жер көлемінен екі есе үлкен аумақты тазалады.

Оқ-дәрі бөлшегі табылған жерге баратын жылжымалы топ жергілікті тұрғындармен бірге жұмыс істеп жатыр.

Қорғаныс министрлігі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Арыс қаласының тұрғындарына оқ-дәрілердің бөлшектері мен басқа да күдікті заттарды тапқан кезде мобильді топқа шұғыл хабарлауды және өз бетінше ешқандай іс-әрекет жасамауды өтінеді.

Соңғы жаңалықтар