Сапасыз жолдарға қатысты қылмыстық істер қозғалды - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті жол сапасы төмен өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Министрлік жол құрылысының сапасын жақсарту үшін жүйелі шаралар мен жаңа тәсілдерді әзірлеуде. Ең алдымен, кепілдік кезеңінде ақаулар пайда болған жағдайда техникалық, авторлық қадағалау және тапсырыс берушінің жауапкершілігін күшейту көзделеді», - деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұдан басқа, сапаны қамтамасыз етіп, жергілікті атқарушы органдарға қаржылық тәуелдікті жою үшін «Көлік туралы» заң жобасы шеңберінде бірыңғай шартқа қол қою тетігі уәкілетті органмен және Сапа орталығымен пысықталатын болады. Бұл шартқа қарамастан әкімдіктерге ескерту беруге және олардың міндетті түрде орындалуын талап етуге мүмкіндік береді.

«Биыл жергілікті жолдардың сапасына бақылау жүргізу барысында 9 мыңға жуық сынама алынды, олардың 2,5 мың сынамасы немесе 28%-ы талаптарға сай келмейді. Сәйкессіздік бойынша– Шымкент (71%), Маңғыстау (61%), Алматы (56%), ШҚО (49%), БҚО (43%), Түркістан қаласы (40%). Ескертулерге қарамастан, тапсырыс берушілер объектілерді қабылдауда. Мұндай фактілер бойынша кейбір өңірлерде қылмыстық істер қозғалуда», - деді министрлік.

Сонымен бірге министрдің айтуынша, қаржыландыруды тепе-тең бөлу мәселесі өзекті болып отыр. Міндеттемелерге қарамастан жекелеген облыстар бұл талаптарды сақтамайды (БҚО, СҚО, Қостанай, Павлодар).

«Мысалы, Президент тапсырмасына қарамастан, Батыс Қазақстан облысында жергілікті жолдарды дамыту қарқыны төмен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республиканың орташа көрсеткіші 80% бола тұра өңірдегі жолдардың нормативтік жай-күйі 39%-ды құрады. Батыс Қазақстан облысына биыл 2,6 млрд теңге бөлінді, бұл барлық бюджеттің 10%-ын құрап отыр», - дейді Индустрия министрлігі.

Соңғы жаңалықтар