Сапасыз мемлекеттік қызмет көрсеткен 305 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы мемлекеттік қызметтер көрсету саласында 46 мыңға жуық заң бұзушылық анықталған. Толығырақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 756 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 46 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша 602 мемлекеттік қызмет көрсетуші тәртіптік жауапкершілікке және 305 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Салауат Мүксімов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің мәлімдеуінше, құзырлы органдарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған 1 мыңнан астам ұсыныс жолданды. Сонымен қатар, Цифрлық даму министрлігі анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі кешенді жоспарды бекітті.

«Мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде ұсыну және клиенттің қызмет алу құқығын қалпына келтіруге ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, мониторинг нәтижесінде қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту және оның себептерін толық көрсетпеу фактілері анықталды. Осылайша, 124 мемлекеттік қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді», - дейді агенттік басшысының орынбасары.

Бұған дейін С. Мүксімов агенттік атынан ХҚО-да техникалық ақау туындағанда азаматтарды күттіріп қоймаудың жолын қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет алуда айыппұлдың кедергі болмауы керектігі айтылды.


Соңғы жаңалықтар