Сапасыз консерві сатқан шенеунік кәсіпкерлерді 600 млн теңге шығынға ұшыратты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттiк материалдық резервтер комитетінің төрағасы кәсіпкерлерге сапасыз консерві өнімдерін сатқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының баспасөз хатшысы Арман Бердалин елордада өткен брифингте мәлімдеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттiк материалдық резервтер комитеті төрағасының лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану фактісін анықтады. Ол 2018 жылы резервтің сақтауындағы сиыр етінің консервісі мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейтінін, сапасыз және құрамында сиыр етінің орнында соя бар екендігін білген. Біле тұра, бұл өнімді өз ісін адал жүргізетін кәсіпкерлерге сатты, салдарынан кәсіпкерлер 600 млн теңгеден астам шығынға ұшырады», - деді А. Бердалин брифингте.

Сот санкциясы бойынша күдіктіні «үйқамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.

«2015 жылы аталған консервілерді комитетке солтүстікқазақстандық өндіруші жеткізген, осылайша мемлекетке 1,8 млрд теңге сомасында залал келтірілген. Өндіруші компания басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, сот санкциясы бойынша күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу жалғасуда», - деді Ұлттық бюро өкілі.

Соңғы жаңалықтар