Сапасыз байланыс үшін өтемақы алу тетігі енгізіледі - Бағдат Мусин

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сапасыз байланыс үшін операторға тиісті жауапкершілік жүктелетінін, осы орайда абоненттердің шығындарын өтеу тетігі енгізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Яғни, егер қызмет ұнамаса, сапасы төмен екені анықталса, төлеген ақшасын қайтарып алу құқығын заңнамаға енгізуді ұсынып отырмыз», - деді Б. Мусин Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Осы орайда ол бұл басталамалар Парламент депутаттарымен бірге талқыланатынын, сондай-ақ 2023 жылы бұл нормаларды заңнамаға енгізу керек екенін айтты.

«Жаңа аудандарды, шағын аудандарды салуды жоспарлау кезінде базалық станциялар мен байланыс тіректерін орнату үшін аумақтарды резервтеу жөнінде талап қою керек. Осыған байланысты «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңына түзетулер дайындалды. Бұл аталған радиофобия проблемасына қатысты болып тұр», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Б. Мусин елімізде интернет сапасы не себепті нашарлағанын түсіндірді.

«Біз базалық станцияларды көбейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өз кезегінде бүкіл әлемде ұялы байланыстың дамуына бұрыннан кедергі болған радиофобия проблемасын атап өту қажет. Біздің мемлекетте де осындай топтардың базалық станцияларды демонтаждау салдарынан байланыс сапасының күрт төмендеуіне себеп болды. Яғни, бұл мәселені түбегейлі шешпей, байланыс сапасын жақсарту мүмкін емес. Атап айтқанда, тұрғындар базалық станция денсаулыққа зиян келтіреді деп шағымданады. Осыдан кейін операторлар бұл құрылғыларды басқа жерге орнатуға кіріседі. Осы кезде базалық станцияның жұмысы тоқтап, байланыс сапасы төмендейді. Бұл өз кезегінде басқа үйлерде тұрған базалық станцияларға қосымша жүктеме түсіреді», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар