Сапасыз автомектептердің жауапкершілігі қаралуы қажет - Премьер-Министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елдегі автомектептердің жұмыс сапасы күмәнді, жетілдірілуі керек тұстары бар. Премьер-Министр Әлихан Смайылов жол апаттарына қатысты осы және басқа да мәселелер төңірегінде әкімдіктер мен тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жүргізушілерді даярлау сапасы күмән тудырады. Бірінші кезекте автомектептер жұмысындағы тәсілдерді өзгерту қажет. Бүгінде оларды бақылап жатқан ешкім жоқ, лицензия берілмейді. Көлік жүргізуге арналған автодромдар жеткіліксіз. Әкімдіктер бұл мәселені бизнеспен бірге қарауы тиіс», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сондай-ақ, Премьер-Министр мектептерде балаларға жол жүру ережесі оқытылмайтынын, автокөліктерді техникалық тексеру сапасына қатысты да сұрақтар көп екенін атап өтті. Сонымен бірге, көлік апаттарының негізгі себептері – жолдардың нашарлығы екеніне тоқталды.

«Халық тарапынан жолдың сапасына қатысты шағым өте көп. 26 қыркүйекте Ақтөбеде тұрғындар айналма жолды жауып тастады. Себебі, ол жолда не жарық жоқ, не жаяу жүргінші өтетін жер, не қауіпсіздік элементтері жоқ. Мұның бәрі жол апатына алып келеді. Жол қауіпсіздігі саласында бейнекамералар мен басқа да техникалық бақылау құралдары жеткіліксіз. Республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйесі тек Ақмола облысында ғана бар. Біздің басты міндетіміз – жол қауіпсіздігі, жол апаттары мен одан қаза болу жағдайларын азайту бойынша кешенді шешімдер қабылдау», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, жол апаттарының көбеюіне қатысты жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.

«Жол апаттары жиі болатын учаскелердегі қозғалысты қадағалау жұмыстарын күшейту қажет. Тиісті іс-шараларды әзірлеп, оны дайындалып жатқан Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тұжырымдамаға енгізу керек.

Әкімдіктер қауіпсіз жол инфрақұрылымын жасау бойынша қосымша шаралар қабылдасын. Жолдағы камераларды көбейту қажет.

Индустрия министрлігі көлікті техникалық тексеру сапасын тиімді бақылау тетігін жасасын. Ең бастысы – жолдардың жай-күйін бақылауды күшейту бойынша шара қабылдау.

Әділет және Ішкі істер министрліктері сапасыз жүргізушілерді даярлайтын автомектептердің жауапкершілігі мәселесін қарастырсын. Жол жүру ережелерін жиі бұзатын адамдарға жазаны күшейту қажет.

Ішкі істер, Оқу-ағарту, Ақпарат министрліктері мен әкімдіктерге жол қауіпсіздігін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыруды тапсырамын», - деді Әлихан Смайылов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда жол апаттарының саны 14%-ке, қаза тапқандар саны 18%-ке көбейді.



Фото: primeminister.kz




Соңғы жаңалықтар