Сапархан Омаров ветеринариялық-санитариялық проблеманы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тексерулерді және бақылаудың профилактикалық ветеринариялық әрі фитосанитариялық түрлерін мораторийден шығару керек. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ветеринария және фитосанитария саласында қабылданып жатқан шаралармен қатар, ашық түрде қалып отырған бірқатар мәселе бар. Бұл негізінен ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық бақылау мен қадағалау жүргізуге байланысты. Біріншіден, тексерулерге мораторий енгізілуіне байланысты жануарлардың аса қауіпті ауруларының, карантиндік объектілердің және аса қауіпті зиянды организмдердің республика аумағында пайда болу әрі таралу жағдайларының алдын алу мен жолын кесу мәселесі өте маңызды болып тұр. Бұл жерде ветеринариялық және карантиндік инспекторлар бақылау объектілеріне бара отырып, тексеру және бақылау жүргізулері қажет», - деді министр Үкімет отырысында.

Осы орайда С. Омаров бақылау объектілеріне бара отырып, тексерулерді және бақылау мен қадағалаудың профилактикалық ветеринариялық әрі фитосанитариялық түрлерін мораторийден шығаруды ұсынды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылдың 9 айы ішінде Қазақстан Республикасына карантинге жатқызылған өнімнің импорты кезінде өсімдіктер карантині саласында 3 082 ереже бұзушылық анықталды.

Сонымен қатар, Үкімет отырысында Премьер-Министр ветеринария мамандығына білім гранттарын көбейтуді тапсырды.



Соңғы жаңалықтар