Сапархан Омаров саладағы субсидиялау туралы түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров саладағы субсидиялау туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы, сондай-ақ өткен жылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар коронавирус пандемиясымен байланысты күрделі жағдайларда отандық агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Мәселен, жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,7%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Азық-түлік өндірісі 4%-ға өсті», - деді С. Омаров Сенаттағы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынатын инвестициялар көлемі 15%-ға, тамақ өнімдері өндірісіне құйылған инвестициялар көлемі 13,5%-ға өсті. Нәтижесінде, агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялардың жалпы көлемі 677,2 млрд теңгені құрап, жоспарлы мәннен 154,2 млрд теңгеге асып түсті.

«Саланың жыл сайын толық қаржыландырылмауына қарамастан, дағдарысқа қарсы шараларды ескере отырып, өткен жылы субсидиялау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жеткізілді, бұл 2016 жылғы деңгейден 1,6 есе көп. Бұл ретте субсидиялау барынша жеңілдетіліп, толықтай автоматтандырылды, бұл субсидия беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Субсидиялауға қойылатын талаптарға өзгерістер енгізу арқылы шағын және орта фермерлерді субсидиялаумен қамту ауқымы кеңейтілді», - деді министр.

Өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар бірыңғай қағидаларға біріктірілді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Субсидияларды күнтізбелік жыл аясында емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицид сатып алынған күннен бастап 12 ай ішінде алу мүмкіндігі басты жаңалықтардың бірі болып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров аграрлық кешенінің дамуына кері әсерін тигізген факторларды атады.

Өз кезегінде сенатор Дүйсенғазы Мусин бірқатар азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділік сақталып тұрғанын, оның көлемі өткен жылы 4 млрд АҚШ долларынан асқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар