Сапархан Омаров Қазақстан биыл қанша тонна астық пен ұнды экспорттайтынын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстан биыл қанша астық пен ұнды экспорттайтынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні егін жинау жұмыстары республиканың барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Түркістан облысында дәнді дақылдарды жинау аяқталды (20,0 ц/гектар орташа өнімділік кезінде 462,0 мың тонна астық бастырылды), Жамбыл облысында бітуге жақын. Жедел деректерге сәйкес, жалпы республика бойынша дәнді дақылдарды жинау алаңы 15,2 млн гектарды құрайды. Оның 4,8 млн гектары жиналып қойды», - деді Сапархан Омаров Үкімет отырысында.

Министрдің баяндамасына сенсек, осы жылғы егін жинау жұмыстарын бастауға жалпы қолда бар техниканың 98 пайызы дайын. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 147 мың трактор, 82,3 мың трактор тіркемесі, 38,5 мың астық жинайтын комбайн, 15,2 мың дестелегіш, 40,3 мың жүк тасығыш автокөлік бар.

«Жұмыстың тоқтап қалмау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жөндеу бригадаларын құрды. Сервистік компаниялардың қызметін күшейту, қоймаларды қажетті қосалқы бөлшектермен толтыру бойынша олармен тиісті жұмыстар жүргізілді. Басты міндет – өнімді ысырапсыз жинау болғандықтан, әкімдіктер аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауы қажет. Астықты экспортқа шығару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Әдетте, астық тасымалдайтын вагондар тапшылығын байқайтынбыз. Биыл басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып алдын ала логистика мәселелерін шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргіздік. ҚТЖ-мен бірлесіп барлық мүдделі тараптардың қатысуымен шұғыл мәселерді шешу жөніндегі штаб құрылды. Сату нарықтары анықталған. 2019/2020 маркетингтік жылға арналған астық пен ұнның экспорттық әлеуеті 7 млн тонна шамасында болады», - деді Сапархан Омаров.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрі мен облыс әкімдеріне егін орағын сапалы жүргізуді міндеттеген болатын.

Өз кезегінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев диқандарға дизель қаншадан сатылуы керектігін айтты.


Соңғы жаңалықтар