Сапархан Омаров қандай азық-түлік түрлері импортқа тәуелді екенін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан сомасы 505 млн АҚШ доллары болатын 6 тауар бойынша ғана импортқа тәуелді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта секторда Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің дамуын тежеп тұрған бірқатар проблема бар. Бұлар - ауыл шаруашылығы дақылдары түсімінің және мал шаруашылығындағы өнімділіктің төмендігі. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің 60 пайыздан астамы мал шаруашылығымен емес, тек өсімдік шаруашылығымен айналысады, тиісінше олар халықты жыл бойы жұмыспен қамти алмайды. Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының тозу дәрежесі 80 пайызға жетеді», - деді министр.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі «Nur Otan» партиясының ішкі нарықты отандық өнімдермен молықтыру жөніндегі сайлауалды платформасын ескере отырып, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер дайындаған.

«Қазір біздегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне 19 тауар енген. Олардың ішінде 505 млн АҚШ доллары сомасындағы тек 6 тауар бойынша ғана импортқа тәуелдіміз. Атап айтқанда, 191,6 мың тонна немесе ішкі тұтынудың 49 пайызы көлеміндегі құс еті; шамамен 30 мың тонна немесе импорт үлесі 39 пайыз көлеміндегі шұжық өнімдері; 21,9 мың тонна немесе жалпы тұтынудың 46,5 пайызы көлеміндегі ірімшік пен сүзбе; 101 мың тонна немесе импорт үлесі 31,5 пайыз көлеміндегі алма; шамамен 250 мың тонна немесе импорт үлесі 57,3 пайыз көлеміндегі қант; 30,6 мың тонна немесе импорт үлесі 72 пайыз көлеміндегі балық», - деді С.Омаров.

Одан бөлек, министр импорттан құтылу жолдарын да айтып өтті.

«Жалпы алғанда, импорт алмастыру міндеті орта мерзімді перспективада 2024 жылға дейін іске асырылады. Ол бойынша министрліктің нақты жоспары бар. Мысалы, сүт бойынша жыл сайын кемінде 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын пайдалануға беру жоспарланған. Құс етінің импортын алмастыру үшін қуаты 200 мың тонналық құс фабрикаларын қосымша пайдалануға енгізу қажет. Қазір бізде 155 мың тонна құс етіне арналған 12 жоба жобалау мен іске асыру сатысында тұр», - деді С.Омаров.

Оның айтуынша, алма импортын алмастыру үшін қосымша жыл сайын 1 600 гектар алаңда бақтар өсіру керек. Олар 105 мың тонна алма өндіруге мүмкіндік береді. 2020 жылы 1 655 гектарға арналған дайын жобалар бар. Қазір олар іске асырылып жатыр.

«Ішкі нарықты қантпен молықтыру бойынша жаңа 2 зауыт салу және жұмыс істеп тұрған 3 қант зауытына жаңғырту жүргізу, сондай-ақ қант қызылшасы егістерін ұлғайту қажет. Импорт алмастыру жөніндегі бұл шаралардың іске асырылуы 2024 жылға қарай сектордың негізгі капиталына шамамен 770 млрд теңге инвестиция тарта отырып, ішкі нарықты 80 және 100 пайызға дейін отандық өнімдермен молықтыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, біз тиімсіз субсидиялардан бас тартып, нәтижеге бағдарланған субсидияларға көшу арқылы қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруді ұсынамыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар