Сапархан Омаров: Астық бағасының жоғарылауына қарсы бола алмаймын

None
None
НҰР- СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров астық бағасының өсуіне бірқатар фактор ықпал ететінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткенде Үкімет отырысында қамбаға 19 млн тонна астық құйылды деп мәлімдедіңіз. Бірақ бейресми сарапшылардың, диқандардың және өзге де мамандардың пікірі бойынша бұл көрсеткіш анағұрлым төмен деген мәлімет айтылуда. Оған дәлел ретінде қазір астыққа баға күн сайын өсіп бара жатыр», - деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа қарата айтқан сөзінде.

Өз кезегінде министр астық шығымы бойынша аталған мәлімет өңірлерден жіберілген ақпаратқа сүйене отырып жарияланғанын атап өтті.

«19,1 млн тонна астық жиналды деп айтылған мәлімет жедел ақпарат негізінде жария етілді. Бұл ақпаратты біз әр облыстағы ауыл шаруашылығы басқармаларының берген мәліметі бойынша алдық. Бұдан басқа, биылдан бастап бізде өнім көлемін тексеру үшін ғарыштық мониторинг қолданылуда. Соның аясында бізде осы астықтың жиналған көлемі бар», - деді С. Омаров.

Сонымен қатар, ведомство басшысы астық бағасының өсуі көп факторға байланысты екенін атап өтті.

«Бұл жағдай барша әлемдегі астық нарығына байланысты екенін атап өткен жөн. Мұнымен қоса, биыл еліміздегі астықтың екі млн тонна кем жиналуы да әсер етуде. Бізде өнім көбірек жиналса, оның құны төмендеп кетеді, ал аз болса, астықтың бағасы жоғарылайды. Бүгінде астық бағасының жоғарылауына қарсы бола алмаймын. Өйткені әрбір шаруа өзінің шығарған өніміне лайықты баға алуы керек», - деді Сапархан Омаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 14 қазанда Үкімет отырысында Қазақстанда 19,1 млн тонна астық бастырылғаны айтылды.

«2019 жылы егін жинау жұмыстары уақтылы басталып, облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес жалпы дәнді дақылдар егілген 15,2 млн гектардың 15,1 млн гектарында өнім жиналды. 19,1 млн тонна астық бастырылды. Биыл жаздың ыстық және құрғақ болуына байланысы дәнді дақылдар өнімділігі төмендегенін атап өткім келеді. Осының салдарынан өткен жылмен салыстырғанда дәнді дақылдар өндірісінің төмендеуі күтілуде», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Соңғы жаңалықтар