Сапархан Омаров Ақмола облысының көктемгі егіске дайындығын тексерді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің блокпостардан кедергісіз өтуін, аймақтың көктемгі егіс жұмыстарына дайындығын пысықтады. ҚазАқпарат бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, ауылшаруашылық техникасының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету, сондай-ақ тұқымды, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектерді жеткізу үшін облыста арнайы «қозғалыс алгоритмі» әзірленген.

Блокпостарда кептелісті болдырмау үшін жауапты мекемелер шаруаларға өтінімді толтыруға және ол тізімді өкілетті органдарға беруге көмек көрсетеді.


Сондай-ақ, ауылшаруашылық техникаларын жөндейтін және оларға қызмет көрсететін, тұқымдық материалды, жанар-жағар май, ауылшаруашылық техникалары үшін қосалқы бөлшектерді, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді химиялық қорғау құралдарын, ветеринариялық препараттарды және биологиялық материалдың сынамаларын жеткізетін отандық және шетелдік компаниялардың көліктері «жасыл дәліз» арқылы өткізілуде.

Жергілікті жерлерде көктемгі егіс жұмыстарына қызметкерлерді орталықтандырылған түрде бірыңғай жеткізу мәселелері шешілуде.

Аймақ басшысы атап өткендей, биыл аймақта 4,9 миллион гектарға жуық алқапқа жаздық егін егу жоспарланған. Оның 4 миллион 438 мың гектарына бұршақты және дәнді дақылдар себіледі. Бұл ретте 3 миллион 734 мың гектар немесе егіс алқабының барлық көлемінің 77 пайызына өңірдің негізгі азық-түлігі – жаздық бидай егіледі. Биыл бидай алаңы айтарлықтай кеңейіп, 2019 жылға қарағанда 150 мың гектарға артады.


700 мың гектардан астам жерге - арпа, сұлы, жасымық және бұршақ егіледі. Майлы дақылдарды 254 мың гектарға (2019 жылға қарағанда 600-ге артық), азықтық шөпті 181 мың гектарға (3 мыңға жуық артық) орналастыру жоспарлануда, картоп және көкөніс алқабын 2 мың гектардан 20 мыңға дейін кеңейтеді. Өңірде көктемгі егіс науқанына дайындық белсенді жүргізілуде, бүгінде тұқым, тыңайтқыштар мен техника толығымен дайын.

Министр С.Омаров Ақмола облысының бірқатар фермерлік шаруашылықтарын, атап айтқанда Ақкөл ауданында – «Еңбек» ЖШС, Бурабай ауданында – «Әбдірахманов» ЖК және «Журавлевка-1» ЖШС аралады.

«Еңбек» ЖШС-да бидай, арпа, жасымық, қарақұмық, бұршақ, жүгері, зығыр және түрлі азықтық дақылдар егетін 32 мың гектарға жуық алқап, «ҚазАгро» қаржылық қолдауымен сатып алынған «PETKUS» тұқымды кептіру қуатты кешені бар.

Ағымдағы жылы серіктестік 13 мың гектарға, оның ішінде 11,6 мың гектарға дәнді және бұршақты дақылдар, 100 гектарға майлы дақылдар, 1 200 гектарға азықтық дақылдарын егуді жоспарлап отыр.

«Журавлевка-1» ЖШС дәнді-бұршақты және майлы дақылдарды өсіреді. Өткен жылы мұнда 34 мың тоннадан астам өнім алынды.

Шаруашылықта 54 мың гектар жер бар, оның ішінде 40 мың гектардан астам егістік алқабы. Ағымдағы жылы серіктестік 31 мың гектардан астам жерге, оның ішінде 7,7 мың га – бидай, 12,8 мың га – арпа, 5,8 мың га – рапс, 4,4 мың га – зығыр егуді жоспарлап отыр.

Бүгінгі таңда шаруашылық көктемгі дала жұмыстарына толық дайын.


Соңғы жаңалықтар