Сапарбаев Үкімет басшысына өңірде атқарылып жатқан істерді баяндады
2017 жылғы 30 наурыз 12:32

Сапарбаев Үкімет басшысына өңірде атқарылып жатқан істерді баяндады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге екі күндік жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлермен кездесу өткізіп жатыр.

Жиынға өңірдегі ірі өндіріс орындарының басшылары мен инвесторлар қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлермен кездесуде өңір экономикасының дамуын тыңдады.

«Біз «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болдық. Мұнда мен бірде-бір жұмысшыны көрмедім. Бір ауысымда бар болғаны 50 адам жұмыс істейді екен. Өндірістің жаңаруы деген осы. Зауыт заманауи технологиямен салынған. Ел экономикасының дамуы да жаңаруға байланысты»,- деді Б. Сағынтаев.

Жиын кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбенің экономикалық, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік дамуы туралы жан-жақты ақпарат берді.

«Жылдың бастауы жаман емес. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш пайызға өсті. Экономиканы технологиялық жаңарту жолында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Жоспар бойынша өңірде 10 кәсіпорын жаңартылады. Оның алтауы жұмысын тоқтатқан өндіріс орны. Соларды іске қосамыз. Барлығы 390 миллиард теңге инвестиция тартылады. Есеп бойынша, өндірісті жаңартуға алдағы бес жылда 40 миллиард теңге жұмсалады. Жаңарту жұмыстары кезінде 3 мың адам жұмыстан босатылады. Кәсіпорындар олардың 70 пайызына басқа жұмыс ұсынады. Ал өзгесі қайта оқытылады»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбааев.

Жиын кезінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуы да сөз болды. Жоспар бойынша өңдеу саласын жыл сайын 7-8 пайызға өсіру кезделген. Өңірде 129 ауыл шаруашылығы кооперативі бар.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 480 тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталып, қыркүйекте қолданысқа беріледі. Құрылыс кезінде қажетті материалдардың 80 пайызы жергілікті жерден алынады. Ал цемент, темір секілді елімізде шығарылмайтын материалдар Ресейден тасымалданады. Бұл үйлердің бағасы қолжетімді. Әр шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайды. Алдағы жоспар бойынша бағдарлама аясында аумағы 1,2 миллион шаршы метр болатын 100 мың тұрғынға арналған жаңа аудан бой көтереді»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Jańalyqtar

MURAǴAT