Сапарбаев төртінші мұнай өңдеу зауытын Ақтөбеде салуды ұсынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев төртінші мұнай өңдеу зауытын Ақтөбеде салуға ұсыныс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа өңірдің дамуы туралы баяндама жасаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірнеше ұсыныс берді. Алдымен төртінші мұнай өңдеу зауытын Ақтөбеде салу ойын жеткізді.

«Мемлекет басшысы төртінші мұнай өңдеу зауытын салуды тапсырды. Соңғы жылдары Ақтөбеде мұнай өндірісі артты. Биыл кем дегенде 6 миллион тонна мұнай өндіріледі. Өңірде 360 миллион тонна мұнай қоры бар, әрі Жаңажол кен орнында теміржол, тасжол, жарық, газдың бәрі жетіп тұр. Біз арқылы Еуропаға да, Азияға да өтуге болады. Өтінішіміз - төртінші мұнай өңдеу зауытын Ақтөбеде салу. Ұсыныс Энергетика министрлігіне берілді. Инвесторлар бар»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев төртінші мұнай өңдеу зауытының жобасы жасалып жатқанын, қыркүйек айында дайын болатынын жеткізді. Ал жаңа зауыттың қай өңірде салынатыны әзірге белгісіз.

Жиын кезінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев «Бұқара - Орал» бағытында үшінші газ құбырын салу ұсынысын айтты. Себебі, екі газ құбырының күші сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр.

«Құбыр арқылы сағатына 195 мың текше метр газ жіберуге болады. Қазір 225 мың текше метр газ өткізіліп жатыр. Қосымша әлеуметтік нысандар салынса, бәріне газ керек. Сондықтан үшінші газ құбырын мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке салуға ұсыныс береміз. Ақтөбеде алтын да өндіріледі. Соңғы 50 жылда алтын рудасының бәрі Ресейге тасымалданып жатыр. Енді инвесторлар шикізатты жергілікті жерде өңдеуді көздеп отыр. Бюджеттен 1 теңге бөлінетін болса, 15 теңге болып кері қайтады. Алтын өндіретін зауыттың инфрақұрылымына қосымша қаржы сұраймыз», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар