Сапарбаев теологтарға: Сағаттап терминдерге толы дәріс оқымауды сұраймын

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімдігі өткен жылы Бас прокуратура бастап берген «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жалғастырады. 

Теологтар жат ағым жетегінде жүргендерге дәстүрлі дінді түсіндіретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының Мұғалжар, Темір, Алға, Байғанин, Шалқар аудандарында жат ағым жетегінде жүргендер, адасқандар қатары өзге аудандарға қарағанда көп. 3 сәуір күні «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында осы аудан тұрғындарымен кездесу жұмыстары басталады. Кездесуді білікті мамандар, теологтар жүргізеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мамандардан қарапайым тілмен сөйлеп, термин сөздерді қолданбауды тапсырма берді.

«Кездесу кезінде,  түсіндірме жұмыстарын жүргізгенде қарапайым халықтың тілінде сөйлеулеріңізді сұраймын. Сағат бойы арнайы термин сөздерге толы лекциялар оқудың қажеті жоқ. Сол үшін əр кездесуге алдын-ала дайындалу керек.  Ең бастысы  - мұның бәрі халыққа пайдасын тигізіп,  жобаға қатысқан əр тұрғын оң тиімділігін сезінуі тиіс. Нәтижеге қол жеткізуді мақсат етіңіз»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жұмыс тобы сондай-ақ əлеуметтік мәселелерді шешу, діни экстремизмнің алдын-алу, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуын түсіндіреді. Өңіріндегі бизнес ортаны дамытуға күш салады.

Еске салсақ, 5 маусымдағы лаңкестік оқиғадан соң Елбасы тапсырмасымен Бас прокуратура «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасымен Ақтөбеге келді. Олар бір ай бойы аудан, ауылды аралап, түрмеде жазасын өтеп отырғандармен де кездесу өткізді. 

Соңғы жаңалықтар