Сапарбаев шаңғы тебуге арналған демалыс орнын сынға алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы Кірпішті ауданында орналасқан шаңғы тебуге арналған демалыс орнының жағдайы өте нашар. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге кәсіпкердің қаржысы жоқ. Бердібек Сапарбаев адам ұялатындай демалыс базасын спорт мектебіне алуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде қысқы спорт түрлері кенжелеп қалған. Өңірдегі жалғыз спорт мектебінің балалары қыста шаңғы, коньки тебуге машықтанғанымен, олардың жыл бойы дайындалуына мүмкіндік жоқ. Ал шаңғы тебуге ыңғайлы демалыс базасының жағдайы көңіл көншітерлік емес.

«Жан-жағын қоршап, ретке келтіруді тапсырдық. Бірақ еш нәтиже жоқ. Өткен жылы облыстық, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына тапсырма беріп, жөндеу жүргізу қажет екенін айттым. Мынау ұят, масқара. Демалыс базасы құлайын деп тұр. Оны жөндеуге кәсіпкердің қаржысы жоқ. Хоккей алаңындағы қақпалар қирап, құлап жатыр, қоршалмаған. Балалар спортпен шұғылданғысы келеді, ал демалыс базасы оларға қажетті жағдай жасай алмайды», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
 

Алдағы уақытта демалыс базасы қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар және жасөсірімдер спорт мектебіне берілуі мүмкін. Өңір басшысы Б.Сапарбаев 50 миллион теңгеге дейін қаржы бөліп, жөндеу жүргізуге тапсырма берді.

Айта кетейік, 2003 жылы туған балалар арасында ел біріншілігі өтіп, ақтөбелік Батыржан Демеужан шаңғы жарысынан екі дүркін жеңімпаз атанды. Бұл қысқы спорт түрлері бойынша Ақтөбе тарихындағы алғашқы жеңіс.  

Соңғы жаңалықтар