+7 (701) 759 90 19
USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Сапарбаев мүгедек баласы бар жалғызбасты ананың шақыруын қабыл алды

2017 жылғы 23 ақпан 18:10
Бөлісіңіз:
Сапарбаев мүгедек баласы бар жалғызбасты ананың шақыруын қабыл алды

АҚТӨБЕ.Қазақпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мүгедек баласы бар жалғызбасты ананың шақыруын қабыл алды. Оның баспанасына орталықтандырылған жылу құбыры тартылмаған, су жоқ, әжетханасы сыртта, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы, Заречный-2 елді мекені, Восточная көшесі. Бұл жерде өткен ғасырда салынған екі қабатты көппәтерлі тұрғын үй бар. Көз көрмейтін, айналып жүретін адам ғана білетін мекенге бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барды. Кеше өңір басшысының есебіне барып, тұрмыстық жағдайымен танысуды өтінген 35 жастағы жалғызбасты ана Гүлмира Есбергенованың бір тілегі орындалды. Мұнда газ құбыры тартылғанымен, қалтасында қаржысы бар, әлі келетін адамдар ғана үйін жылытып отыр. Өзгесі мынадай тоқ пештермен бойын жылытып отыр.
null

«2000 жылдардың басында Қызылорда облысынан көшіп келіп, Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй қорын есепке алу секторындағы «Толық емес отбасы», «Мүгедек баласы бар отбасы» санаты бойынша пәтер кезегіне тұрдым. Қазір 147-ші болып кезекте тұрмын. Бір жылда шамамен 6-7 адам пәтер алса, менің кезегім таяудағы онжылдықта жылжымайтыны анық. Ал қызым Инабат жыл сайын өсіп келеді. Жуынатын жері жоқ, әжетханасы бір бөлме ішінде. Бір күні қызымды арқалап баспалдақтан түспек болдым. Құлап, сүйегі шытынап кетті. Бір ай бойы төсекке таңылып, гипспен жатты», - деді Гүлмира Есбергенова.
null

Есбергеноваларға уақытша баспана 2012 жылдың көктемінде берілген. Жылу жүйесі тартылмаған соң пәтер ішін сыз басқан. Мұнда су жоқ. Сырттан тасып ішеді. Көктем келе қар еріп, төбедегі су ішке кіріп жатыр.

«Соңғы 3-4 жылда мүгедектерге арналған бірде-бір үй салынбады. Қазіргі заңға сәйкес, баспанаға мұқтаж адамдар тек өз кезегімен үй ала алады. Несиеге, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашып, қаржы жинап, баспаналы болу жолдары бар. Бұл жолдарға сіздің жағдайыңыз келмейді. Қала әкімі Ілияс Испановқа демеушілер тауып, көмек көрсетуді, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 8 наурызға орай әлеуметтік қаржылай көмек беруді тапсырамын», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Инабат жылына бір рет мемлекет тарапынан ем алуға барып тұрады. Мұнан өзге анасы тоқсан сайын ресейлік дәрігердің қабылдауына барады. Әр ем - 170 мың теңге. Нәтиже бар. Инабат көз жанарымен ымдай алады. Сөздерді түсінеді, еркелейді.

«Мүгедек баланы бағып отырған соң айына 59 мың теңге аламын. Бұрын ем үшін несие алғанмын, айына 44 мың теңге төлеп отырмын. Үйіміз тоқпен жылытылып, бар қаржы коммуналдық төлемнен аспайды. Тамақ алу үшін ата-анам көмектеседі», - деді Г.Есбергенова.

Есбергеновалар Ресейдегі ем үшін қайырымды жандардың, «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық қорының қаржысын жаратып жүр. Бұл отбасы үшін бүгін бір үміт оты оянды. Олар тұрмыс жағдайын қарап, қамқор болуға уәде берген Сапарбаев тапсырмасының орындаларына сенеді.
null null null

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Алтынай Сағындықова

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT