Сапарбаев қытайлық компания басшыларына заңды қатаң сақтауды ескертті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жол құрылысына жұмылдырылған қытайлық компания басшыларымен кездесуінде осылай айтып, оларды әлеуметтік мәселелердің шешіміне атсалысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бердібек Сапарбаевтың Шу ауданына жұмыс сапары барысында жол мәселелеріне баса мән берілді. Аудан аумағында ұзындығы 262 шақырым болатын Меркі-Бурылбайтал автожолын қайта жаңғырту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Облыс әкімі құрылысы жүріп жатқан аумақтарда болып, жол-құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті.

Ірі жобаға қытайлық «China Xinxin Corporation» және қазақстандық «ABK-Avtodor NS» компаниялары тартылған. Сонымен қатар, «Sinohydro Corp Limited» компаниясы Балқаш-Бурылбайтал жолының 35,6 шақырымын салуда. Ал «Todini and SMS» бірлескен кәсіпорны Күрті-Бурылбайтал трассасының 62 шақырымдық аумағының құрылысын іске асыруда. Облыс әкімімен болған кездесуге Ұзынағаш - Отар жолының құрылысын атқарып жатқан қазақстандық мердігерлік ұйым «ҚазақЖолҚұрылыс» өкілдері де қатысты. Айта кету керек, аталған автожолдың 16 шақырымы Жамбыл облысы аумағы арқылы өтеді.

Қазақ тілінде сұхбаттасқан Бердібек Сапарбаевқа тілмаш арқылы жауап берген қытайлық мердігерлерге Қазақстан заңдарын қатаң сақтау керектігі ескертілді. Сондай-ақ облыс әкімі қытайлық кәсіпорындардың жалақысы төмендігін алға тартып, оның көлемін жыл сайын кем дегенде 10 пайызға арттырып отыру керектігін атап өтті. Бұдан бөлек, барлық жұмысшылар үшін тең жағдай жасау керектігін еске салып, әсіресе жалақы, тамақтану және жүріп-тұру мәселелеріне көңіл бөлді.

Б.Сапарбаев мал өткелдерін салу және жол бойындағы арықтар мен көпірлерді жөндеу қажеттігін баса айтты. Жол жөндеу жұмыстары жақын маңда орналасқан жергілікті тұрғындардың 13 үйінің қабырғаларының жарылуына себеп болған. Оларды 15 күннен кешіктірмей жөндеу керек. Бұл үшін 8,5 миллион теңге қажет.

«Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар. Компаниялар жақын маңдағы елді мекендерге, облыс орталығына әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсетуі керек. Әсіресе, коронавирус жағдайын ескере отырып, жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға көмектесу қажет.

Қазақстан Республикасының заңдары, оның ішінде «Тіл туралы» Заңы қатаң сақталуы керек. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Барлық маңдайшалар, оның ішінде кіреберісте орналасқан компанияның атауы да қазақ тілінде болуы керек. Осында қайта келіп, тапсырмалардың қалай орындалғанын тексеремін», - деп атап өтті облыс әкімі.

Қытай компанияларының жетекшілері Сапарбаевтың талаптарына толықтай келісетіндіктерін білдірді.

Меркі-Бурылбайтал жолының бір бағытын биыл аяқтауға мүмкіндік бар ма? Мердігерлер құрылысты толығымен жоспардан бір жыл бұрын, яғни 2021 жылы аяқтай ала ма? Бердібек Сапарбаев осы секілді бірқатар сауалын қойды.

Бұл мәселелерде аймақ басшысы мердігерлер тарапынан түсіністік тапты.

Талқылау көрсеткендей, жол салушылардың алдында ешқандай кедергілер кездесіп отырған жоқ. «Todini and SMS» БК басшысы Мойынқұм ауданы аумағында карьерлерді бөлуге қол ұшын беруді сұрады.

«Ең бастысы, барлық жұмыстар уақтылы және сапалы атқарылуы керек. Меркі және Шу аудандары арасындағы жолдың бір бағытының құрылысын биыл аяқтау керек. Жол құрылысында жергілікті материалдар пайдаланылып, ал жергілікті адамдар жұмыспен қамтылғаны маңызды. Жол салушылар қазақстандық өндірушілермен келісімшарттар жасасып, битум қорын қалыптастыру керек...

Сонымен қатар, қазіргі жағдайда, әсіресе құрылысшыларға арналған жатақханаларда санитарлық нормаларды қатаң сақтау – басты талап болып табылады. Адамдардың денсаулығы бәрінен маңызды», - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Жамбыл облысының әкімі аппарат кеңесінде Меркі-Бурылбайтал республикалық автожолының құрылысын келесі жылы аяқтауды тапсырған болатын.



Соңғы жаңалықтар