Сапарбаев көпбалалы аналарға: Үйде отырып-ақ ақша табуға болады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының тұрғындарымен кездескен ҚР Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпбалалы аналарға үйде отырып табыс табуға көмектесу қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көпбалалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін үйде әлеуметтік жұмыс орындарын ашу ұйымдастырылады. Бұл орайда жергілікті әкімдіктермен жұмыс жүргізудеміз. Үйде отырып-ақ қаржы табуға болады. Ол үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ашумен бірге, сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімде оқытып үйрететін курстар ұйымдастырылуы керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан бөлек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі әлеуметтік сала қызметкерлерінің, оның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін адамдардың жалақысы көтерілетінін атап өтті.

«Халықтың әл-ауқатын арттыратын басты жай - жалақы мөлшері. 2019 жылдың 1 маусымынан бастап білім беру саласындағы қызметкерлердің табысын 30 процентке дейін көбейту көзделіп отыр. Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері, олардың көмекшілері, интернат мекемелерінің тәрбиешілері, әдіскерлер, балабақшалар мен колледждердің әлеуметтік педагогтері, психологтар, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, техникалық персоналдың жалақылары жоғарыдағы айтылған мөлшерде көтерілетін болады», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар кездесуде денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің де жалақысын 30 процентке көтеру межеленіп отырғаны айтылды. Қазір елімізде олардың саны 29686-ны құрайды. Бүгінгі таңдағы орташа табысы - 108 194 теңге. Күтілетін орташа жалақы мөлшері - 140 643 теңгеге. Жалпы практика дәрігерлерінің, терапевтер мен педиатрлардың, орта медициналық персоналдың, кіші және өзге де персоналдардың жалақысы артады. Мәселен, кіші персонал осы уақытқа дейін шамамен 48 861 теңге алып келсе, ол үстіміздегі жылдың 1 маусымынан бастап 63 520 теңгеге көтеріледі.

Еске сала кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді.

Халықпен өткен кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде айтқан әлеуметтік қолдауды күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы міндеттері түсіндірілді.

Соңғы жаңалықтар