Сапарбаев газ тапшылығын жоюға тапсырма берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев газ тапшылығын жоюға тапсырма берді. 

Қазіргі уақытта прокуратура тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында газ тапшылығы мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Қорда бар газды үнемдеу үшін кейбір бекеттер бір көлікке 1 мың теңгеге ғана газ құйып беріп жатыр. Бұл бар болғаны - 20 литр. Қазір қалада баға әртүрлі. Шектеуі бар бекеттер газдың литрін 49 теңгеге сатса, кейбірі 53-55 теңгеге көтерген. Газды талонсыз сатып жатқан бекеттерде әлі күнге дейін ұзынсонар кезек. Жергілікті әкімдік бірер күнде мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр. Тіпті, арнайы тізім жасап, газ құю бекеттеріндегі қазіргі ахуалды бақылауға алды.

Ақтөбеде газ тапшылығын жою үшін жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының, сонымен қатар сұйытылған газды жеткізумен және таратумен айналысатын компаниялардың басшыларын жиып, мәселенің неден туындағанын анықтауға кірісті.
null 

«Энергетика министрлігі бізге квотаны қажет мөлшерде  бөлгендігіне қарамастан, соңғы бес күннің ішінде өңірде газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілмей тұр. Қаңтар-ақпан айларында мұндай мәселе болған жоқ. Ақпан айымен салыстырғанда автокөлік санының артқаны да байқалмайды. Сонда мұндай дүрбелеңнің шығуына не себеп болды? Біз бұл жағдайдың  себебін анықтап, оның болашақта қайталанбау шараларын қабылдауымыз қажет. Жүргізушілерді көліктерін сұйытылған газбен жүруге көндіреміз, ал өзіміз оларды отынмен қамтамасыз ете алмаймыз»,- деді облыс әкімі жиын кезінде.

Энергетика министрлігі бөлген квота Ақтөбе өңірі үшін жеткіліксіз. Облысқа ай сайын 5200 тонна сұйытылған газ беріледі. Ал қажеттілік 7 мың тоннадан асқан. «Өткен жылмен салыстырғанда газбен жүретін көлік саны 54 пайызға артты. Сонымен қатар, «СНПС-Ақтөбе мұнай газ» АҚ келісімшартқа сәйкес 100%  алдын ала төлемді талап етіп отыр. Осыған байланысты газ жеткізушілер мен газ құю бекеттері арасында өз үлестерін мерзімінде сатып алу мәселесі туындаған»,- деді облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары.

Бұл мәселенің туындауына газ жеткізу ұйымдарының газ құю бекеттеріне әртүрлі көлемде отын беруі де себеп. Яғни, қазіргі уақытта алдын ала төлемді тек қаржысы бар бекеттер сатып алып жатыр. Осы дерек бойынша заң бұзушылық анықталса, әкімшілік шара қолданылады.

«Біз өндіруші компаниялардың басшыларынан қосымша газ көлемін бөлуді өтіндік. Жалпы, бұл саладағы тәртіпті орнатып,  есептеуді дұрыс жүргізіп, келесіде мұндай мәселенің туындауына жол бермеу шараларын қолға алу қажет»,- деді Бердібек Сапарбаев. 
null null  

Соңғы жаңалықтар