Сапарбаев елорда мектебінде ашылған инклюзивтік кабинет жұмысымен танысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен елорда әкімі Алтай Көлгінов №88 жаңа мектеп-лицейіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқу орны 1200 орынға есептелген және №75, №84, №85 мектептердің шамадан тыс жүктелуі мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Білім мекемесінің жұмысымен танысу барысында «Әр бала мектепке лайықты» жобасының іске асырылуы таныстырылды. Мектеп-лицейде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау мақсатында инклюзивті білім беру кабинеті ашылды.

«Оқушылар жалпы топтарда құрдастарымен тең дәрежеде білім алады. Күн сайын балаға қажетті жеке көмек көрсетіледі», - деді «Болашақ» корпоративтік қоры кеңесінің төрағасы Динара Шайжүнісова.

Инклюзивтік кабинет «Шеврон» компаниясының демеушілігімен ашылды. Бұл - қордың «Әр бала мектепке лайықты» жобасы аясындағы алтыншы кабинеті.

«Шеврон» компаниясының Қазақстан Республикасымен серіктестігі 26 жылды құрайды. Яғни компания елде жұмыс жасай бастаған алғашқы күннен бері», - деді компания өкілі Жанар Қошпанова.

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев әлеуметтік жобаларды іске асыруда, атап айтқанда ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған мемлекеттің, қоғамдық ұйымдар мен шетелдік кәсіпорындардың тығыз өзара байланысының маңыздылығын атап өтті.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов мектептің алғашқы оқушыларына: «Сіздер үздік мектептердің бірінде білім аласыздар. Білім алу үшін еңбек етіңіздер, ал біз өз тарапымыздан барлық жағдайды жасаймыз. »Шеврон« компаниясына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіремін», - деп атап өтті.

Сондай-ақ, ол инклюзивтік кабинеттер қаланың басқа да мектептерінде ашылатынын айтты.

Өз кезегінде ата-аналар алғысын білдіріп, инклюзивтік кабинеттердің маңыздылығын жеткізді.

Сондай-ақ, №88 мектеп-лицейінде гидропоника кабинеті ашылды. Енді технология көмегімен мектеп оқушылары өздері өсімдік өсіре алады.

Бұдан бөлек, білім ғимаратында физика мен химия пәндері бойынша тәжірибе жасауға болатын зертхана жабдықталған.

Мұғалімдермен әңгіме барысында вице-премьер Елбасы Н.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен педагогтардың мәртебесін арттыру бойынша нақты шаралар қабылданғанын атап өтті.

«Мемлекет білім беру саласын дамытуға және балаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Бүкіл ел бойынша жаңа заманауи мектептер салынып жатыр, мұғалімдердің жалақысы артып, жұмыс жағдайы жақсаруда. Өз кезегінде сіздеор ұрпақтың білімді, сауатты және тәрбиелі болып өсуі үшін барынша күш салуларыңыз қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар