Сапарбаев баспанасы суға кеткен адамдармен дөрекі сөйлескен қызметкерлерге ескерту жасады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев су тасқыны салдарынан зардап шегіп, көңілі алаң болып отырған халықпен өте сыпайы сөйлесуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қысқа мерзімді демалысын күрт үзіп, жұмысқа шыққан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаланың суға кеткен ауылдары мен су қоймаларын аралады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, халықпен сөйлесіп, алдағыжоспарларын айтып берді. 

Кешкілік әкімдікке кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері, мемлекеттік орган басшылары мен орта, жоғары оқу орындарының басшылары жиналды. Өңір басшысы халыққа көмек беру, арыз-шағымды қарап, шығынды есептеу жұмыстарын бірге атқаруға шақырды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, түскен ауыртпалық барлығымызға ортақ, бірдей. Оның үстіне қиындық көріп отырған біздің жерлестеріміз. Олар өздерінің жалғыз екенін сезбеуі керек. Кездесу кезінде баспанасын су басқан адамдар көмектесіп, қолдап жатқан Ақтөбенің азаматтарына рахметін айтты. Жұмысты біз әрі қарай жалғастыруымыз керек. Жастар өздері жүр. Еріктілерді күштеп, оларға бұйрық беріп жатқан ешкім жоқ. Қажет кезде адамдарды арқалап тасып, қайықпен көмектесіп жатыр. Дәл осындай жағдайда біздің бірлігіміз көрінеді. Комиссия мүшелеріне, қала әкімі мен облыстық штабқа берілетін тапсырма бар. Есте болсын, қиналған адамға қарапайым, жақсы сөйлесе, «жағдайың қалай» деп айтса, оған бір үй салып,  ақша берген сияқты болады. Мен байқаймын, кейбір біздің жігіттер олармен дөрекі сөйлеседі, анайы сөйлеседі. Олай болмайды. Өзі қиналып тұрса, оған тағы да «сенің үйің дұрыс салынбаған», «сенің үйің анау, сенің үйің мынау» деп айту қате. Шынын айту керек, біз олардың кім екенін, қайдан келгенін білеміз. Олар жай, еріккеннен келген жоқ. Кезінде келді, тұратын жері болмады, сол жерден үй салды. Қайтеміз енді. Заңмен алсақ, қазір заңсыз деп айтуға болады. Бірақ адамда адами қасиеттер болуы керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы кәсіпкерлердің көмегі қажет екенін айтты. Әсіресе, су тасқыны кезінде зардап шеккен ірі зауыт, өндіріс орнының жұмысшылары тіркелсе, ұжымдық келісім шарт, жұмысшы алдындағы жауапкершілікті ескеру тапсырылды. Тіпті, баспана мәселесін шешіп беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Алдағы уақытта суға кеткен аймақты тазалау, көгалдандыру жұмыстарын арнаулы орта, жоғары оқу орындарының студенттері жұмылдырылатын болады. Партиялардың да белсенділігін арттыру маңызды.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ұйықтамауы керек. «Нұр Отан» барлық жерде бірінші болуы керек. Ұйымдастырушы, іске ұқыпты болып, басқа партияларды жұмыла жұмыс істеуге шақыру керек. Әзірге, ондайды көріп отырғаным жоқ. Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жазаланады. Ақпарат керек болса, облыстық, қалалық штаб бар. Тіпті, 11 комиссия жұмыс істеп тұр. Болмаса, маған хабарласыңдар, мен беремін ақпаратты»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Жиын кезінде жыл сайын қайталанатын саяжай аумағындағы үйлердің суға кету мәселесін түбегейлі шешуге жоспар құру тапсырылды. Алдағы екі жылда суға кету қаупі жоқ саяжайдағы үйлер заңдастырылып, ал жыл сайын тасқын судың астында қалатын аумақтағы үйлерді басқа жерге көшіру жұмысы атқарылуы тиіс.

Жиын соңында Бердібек Сапарбаев су тасқыны болмайтынын, бірақ әлі де бірқатар мәселелер бар екенін атап өтті. Кейін қиын кезде қол ұшын созып, көмектескен кәсіпкерлерге, еріктілер мен қоғамдық ұйым мүшелеріне алғысын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар