Сапарбаев: Ақтөбедегі үйлердің шатыры неге тек қызыл болуы керек?

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қала құрылысы кеңесіне қатысты. Жиын кезінде тұрғын үй құрылысы кезінде көк және қызыл түстің жиі қолданылатынын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеліктер тұрғын үй, әлеуметтік нысан құрылысы кезінде еш өзгерістердің байқалмайтынын айтқан. Бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Ақтөбе» ауданының құрылысымен танысып, бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ тұрғын үйлерді сынаған болатын. Соған орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қала басшысы Ілияс Испановқа арнайы тапсырма берді. Бірақ, әлі күнге дейін көпқабатты тұрған үйлер сол баяғы жобамен салынып жатыр. Өзгеріс шамалы.

null

«Биыл қала құрылысы комиссиясында 94 жоба қаралды. Жобаны жергілікті, Алматы қалаларының жобалаушылары ұсынды. Көбіне көпқабатты тұрғын үй, бизнес нысандары мен мәдениет, білім, денсаулық сақтау саласының ғимараттарына арналған жобалар қаралды. Жобаның 24-і қайта өңдеу үшін кері қайтарылды»,- деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Жиын кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала көркін келтіріп, еліміздегі үлгілі төрт облыстың бірі болу үшін әлі көп жұмыс тындыру керек екенін айтты.

«Біздің үйдің шатырлары неге қызыл болуы керек? Бәрі сондай. Басқа түс жоқ па? Көбіне қызыл және көк түс пайдаланылады. Басқасы жоқ. Біз құрылыс кезінде бәрін ескеруміз қажет. Біріншіден, көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабаты бизнеске берілуі керек. Ол дәріхана, аула клубы, тіпті, учаскелік полиция бекеті болуы мүмкін. Екіншіден, Ақтөбенің сейсмикалық жағдайына орай жертөлелерді автотұрақ ретінде пайдалануға болады. Жобалаушылар осыны міндетті түрде ескеруі тиіс»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар әкім балалардың ойын алаңы, спорт алаңы мен жүргіншілер жолын салуды тапсырды. Суағарлар мен арықтар да басты назарда болуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар