Сапарбаев: Ақтөбе бірде-бір Олимпиада чемпионын тәрбиелей алмады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының атынан шыққан Ермахан Ибраимов 2000 жылы Сиднейде чемпион болса, өткен жылы Фархад Харки қола жүлдегер атанды. Екі спортшы да Ақтөбе жерінде жаттығу жасамады. Бұл туралы Ақтөбедегі спорт федерацияларының жиынында айтылды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бүгін олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша федерациялардың басшыларымен кездесті. Өңірде спорттың 62 түрі тіркелген екен. Оның 25-і олимпиадалық, өзгесі олимпиадалық емес спорт түрі. Қазір 44 спорт түрі бойынша федерация жұмыс істеп тұр. Бірақ нәтиже тым төмен. Ақтөбедегі спортты дамытудың жолын іздеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрлыбек Жүсіповтен есеп алды.

«Олимпиада, Әлем, Азия бірінішіліктерінде ақтөбелік спортшылардың көрсеткіші өте нашар. Облыста 44 спорт түрі бойынша федерация жұмыс істеп тұр. Менің ойымша, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өз алдына, федерациялар өз алдына жүр. Федерациялар тырбаңдап бірнәрсе ұйымдастырады, спорт басқармасына жалынып, ақша сұрайды. Жарыс өтеді, басқарма федерацияны ұмытады. Бұлай болмайды? Біз «спортты дамыту үшін не істеуіміз керек?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Қарап отырсақ, Ақтөбе облысында кәсіби спорттың дамуы төмендеп барады. Мұны нәтижеге қарап айтып отырмыз. Мәселен, 25 жылда Қазақстан 6 олимпиадаға қатысқан екен. Онда Ақтөбеде тәрбиеленген бірде-бір спортшы жоқ. Фархад Харки сырттан әкелінген»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Ақтөбелік 9 спортшы олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан құрамасына кірген. Барлығы 4 спорт түрі бойынша жаттығып жүр.

«Бұқаралық, өзге де спорт түрін дамыту керек. Бірақ олимпиадалық спорт түрі біздің беделімізді арттырады. Өңірде бокс, күрестің көрсеткіші төмендеді. Футболға да миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Нәтиже оңды емес. Себебі, бізде спортшылардың резерві жоқ. Жаттықтырушылардың жұмысы төмен. Сыртта жүрген ақтөбелік спортшылар мен жаттықтырушыларды шақыр деп айттық. Бірақ ол тапсырма орындалып жатқан жоқ»,- деді Б.Сапарбаев.

Кездесу кезінде өңір басшысы спорттық жарыстарды ұйымдастырғанда олардың көрерменіне мән беруді тапсырды. Себебі, таяуда жасөспірімдер арасында футболдан халықаралық турнир өтіп, оған өте аз көрермен жиналған. 

Соңғы жаңалықтар