Сапарбаев АӘК төлеу жайында: Мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуіміз керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуміз керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атаулы әлеуметтік көмек уақытша тұрмысы нашар отбасыларға мұқтаждықтан шығу үшін төленеді. Ең негізгі мәселе - біз мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуіміз керек. Өкінішке орай, табыстарын жасырып, АӘК алған отбасылар көбейіп кетті», - деді Бердібек Сапарбаев.

Вице-премьердің айтуынша, Алматы, Семей, Өскемен, Қарағанды, Жезқазған қалаларына сапармен барып, халықпен кездескенде негізінен тұрғындар тарапынан АӘК-ті ең алдымен, аз қамтылған отбасыларға және балаларға төлеу мәселесі көтерілген.

«Соның бәрін ескере келе және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, АӘК төлеу тетіктерін жетілдіру мақсатында заң жобасын ұсынып отырмыз. Аз қамтылған, көпбалалы отбасы әр уақытта мемлекеттің қамқорлығында болады. Ұсынылып отырған АӘК-ті төлеу тетіктерін жергілікті билікпен ары қарай жүзеге асыру үшін жұмыс істейміз», - деді ол.

Еске салайық, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгін Үкімет отырысында атаулы әлеуметтік көмекті берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын таныстырды. Басты бағыт - еңбекке ынталандыру, азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету.

Жаңа заң жобасында көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамастан төлеу ұсынылып отыр. Ол балалардың санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған мөлшерде беріледі.

Сондай-ақ министр атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа шарттарын атады. Бұдан бөлек, табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтама енгізілмек.

Мәліметке сәйкес, табысын жасыру арқылы АӘК-ті заңсыз алған 73 азамат мемлекетке 156 млн теңге қайтарды.

Соңғы жаңалықтар