Сапалы мультфильм шығаруды заңды түрде бекіту керек – Жәнібек Оразалы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде Қазақстанда сапалы анимациялық фильм дайындауға қауқарлы мамандар баршылық. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстанның анимациялық киностудиялары қауымдастығының төрағасы Жәнібек Оразалы мәлім етті.

«Бізде анимациялық кино саласы осы кезге дейін дамымаған деп айтылып келді. Шынымен де, бұған дейін мамандар басқа салаға кетіп қалып жүрді. Бүгінде Қазақстанда аниматорлар деңгейі өсті деп айта аламыз, олар жаңа технологияларды игерген. Атап айтқанда, «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмі түрлі жүлделерді алды. Осы мапараттар – үлкен жетістік. Бұл, қазақ анимациялық киносының мәртебесі ғана емес, сонымен қатар біздегі мамандардың жоғары біліктілігін білдіреді. Осының өзі біздің мамандар сапалы өнім жасай алатындығын байқатып отыр», - деді Ж. Оразалы.

Мұнымен қоса ол өткен жылдың аяғында елордада «ÁMEN Animation film festival» атты анимациялық кинофестиваль өткенін еске салды.

«Бұл шараға Қазақстан өңірлерінде анимациялық кино саласында жұмыс істеп жүрген студиялар келді. Ардагер меймандар да арнайы шақыртылды. Форум өте жоғары деңгейде өтті. Енді фестивальді дәстүрлі түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», - деді қауымдастық төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, толықметражды мультфильмдерді шығару үрдісін заңды түрде бекіту керек.

«Бұрын жылына 5-6 қысқаметражды анимациялық фильм, 2-3 жылда бір толықметражды мультфильм шықса, қуанатынбыз. Былтыр «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» толықметражды фильмі шығарылды. Осы орайда қауымдастық тиісті ұсыныстарды жасап отыр. Яғни мемлекет заңды түрде жылына 1-2 толықметражды, 10 қысқаметражды мультфильмді шығаруды бекіту керек деп ойлаймыз. Бүгінде анимациялық кино саласында белсенді жұмыс істеп келе жатқан жалғыз «Balapan» телеарнасы ғана. Өте аз қаржымен қаншама сапалы өнімдер шығып жатыр», - деді Жәнібек Оразалы.



Соңғы жаңалықтар