Сапалы білім үшін мектеп бір ауысымда жұмыс істеуі керек – Ұлттық кеңес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы Қазақстан мектептерін бір ауысымда оқу режиміне көшіруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда білім беру сапасын арттыруға басты кедергі – мектеп жағдайы деп ойлаймыз. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанға мектеп жетіспейді. Қазіргі таңда еліміздегі 7400 мектепте жалпы саны 3,5 млн аса бала бар. Оның 70% - екі ауысымда, ал 200 мың бала үш ауысымда оқиды», - деп атап өтті спикер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн форматтағы 3-отырысында.

Оның айтуынша, Қазақстан соңғы жылдары білім берудің мазмұнын жаңартуға көп күш салды. Ілгері дамыған елдердің талаптарына бағытталды.

«Бірақ, біз талаптарына ұмтылып отырған елдердің ешқайсысында үш немесе екі ауысымда оқытатын мектеп жоқ. Ал сапалы білім беру үшін мектептің бір ауысымда жұмыс істеуі маңызды. Біздің есебімізше, орта білім беру жүйесін толықтай бір ауысымға өткізу үшін Қазақстанға шамамен 3 мыңдай жаңа мектеп қажет. Әрине, мұндай аса ауқымды мәселені мемлекет тек өз күшімен тез арада шеше алмайды. Біздің ұсынымыз - мектеп салуға жеке қорларды кеңінен тарту», - деді Р. Кенжеханұлы.

Спикер қазіргі мемлекеттік жекеменшік әріптестік құралы және білім беруді жан басына қаржыландыру тетігі мектеп салуға жеке қаражатты, соның ішінде шетелдік қорларды тартуға мүмкіндік береді деп есептейді.

«Алайда, осы аталған тетіктер аясындағы бизнесті экономикалық тұрғыдан ынталандыру шаралары жеткіліксіз. Оларды қайта қарап, кеңейту қажет деп санаймыз. Сонымен бірге, дағдарыстан кейінгі экономиканы жандандырудың бір амалы ретінде мектеп құрылысын да қарастыруға болар еді. Ауқымды мектеп құрылысының экономика мен қоғамға ұзақ мерзімде берері мол екеніне сенімдіміз. Тиісті есептеріміз бен нақты ұсыныстарымызды Білім және ғылым министрлігіне бердік», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтіп жатыр. Кезекті отырыс адами капиталды дамытуға, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау мәселелеріне арналған.


Соңғы жаңалықтар