Санжар Мырзағалым: Тың идеялары бар жастарға қолдау жасауға тырысамыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің жұмысын ресми іске қосу шарасы өткен болатын. Бұл өз кезегінде технологиялық бизнесті дамыту үшін халықаралық деңгейде мойындалған хаб болуы қажет. Сәйкесінше, осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін оның алаңына отандық білікті мамандар жұмылдырылып жатыр.Осы орайда бүгінде жас өнертапқыштарға қолдау көрсетумен айналысып жүрген «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Microsoft Kazakhstan компаниясының қызметкері Санжар Мырзағалымнан сұхбат алуды жөн көрдік.

- Санжар, сіз «Шеберхана» зертханасының негізін қалаушылардың бірі ретінде танылдыңыз. Жобаның негізгі мақсаты қандай?

- Бұл прототиптеудің заманауи зертханасы, онда кез келген стартап, студент, мектеп оқушысы өзінің идеясын прототип кезеңіне дейін жүзеге асыра алады. Осыдан кейін олар идеяны өндіріске шығару қадамына қарай ілгерілейді. Атап айтқанда, біз жас стартапшыларды дамыту үшін сервис пен алаңды ұсынамыз. Бізде тиісті жұмыстарға барлық қажетті жабдықтар бар. Бұл ретте 3D - принтерлер, лазерлік құралдар, фрезерлік станоктар және басқа да құралдар ұсынылады. Жас өнертапқыштар өздерінің идеясын іске асырып, оны инвесторларға таныстырып, дайын өнімді тұтынушыға ұсынуға мүмкіндік алады. Біздегі алаңда бүгінде Назарбаев Университеті мен өзге де оқу орындарының жастары жұмыс істеуде.

- Сіз осы салада жұмыс істеп жүргеніңізге біраз уақыт болды. Аталған жобаны іске асырғанға дейін немен айналыстыңыз?

- Біз өзіміздің құралдарымызды жетілдірумен айналыстық, өзіміздің стартаптарымызды құруға екпін қойдық. Қазіргі кезде бізде айтарлықтай жеткілікті  менторлық қолдау бар. Сәйкесінше, жаңа идеялар қажетті деңгейге жетуі үшін біз оларды қолдауға қауқарлымыз. Әзірге бізде барлық шаралар ақысыз жүргізіледі. Алайда таяуда ақылы болатын арнайы курстарды ұйымдастырмақпыз. Осыған дейін жинақтаған барлық тәжірибеміз өзге стартаптарды дамытуға ықпал етіп отыр. Электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік беретін EcoSocket технологиясын әзірлеген болатынбыз. Бұл жоба көптеген адамдардың назарын аударды, оның ішінде Сингапур, Вашингтон тарапынан қызығушылық болды.

- Осы жобаны құруға қанша уақыт жұмсадыңыздар?

- Шын мәнінде оған көп уақыт кетті. Біздің командадағы жігіттермен оған студенттік кезімізден кірістік және бизнес бойынша түсінігіміз жеткілікті болмады. Сондықтан да қазіргі кезде MBI-дің екінші курсында оқып жатырмыз. Осы бағытта алған білім қаржы, менеджмент тұрғысынан дамуға өз септігін тигізді. Біз «Шеберхана» жобасын екі жылға тарта мерзімде дайындап, өткен жылы ғана мемлекет тарапынан қолдауға ие болдық.

- Сіз «100 жаңа есім» жобасындағы жеңімпаздың бірісіз. Сәйкесінше, осы жобаға қатысудың нәтижесінде қандай өзгерістерді байқадыңыз?

- Бұл жоба PR қолдау тұрғысында өте жақсы көмек болды. Осы орайда «Шебархана» туралы мәліметтер халық арасында кеңінен тарады. Телеарнадағы бағдарламадан кейін, бізге адамдар көптеп байланысқа шыға бастады. «100 жаңа есім» бізге өте үлкен қолдау болғандықтан, сондай-ақ  біз бұл жобаның бір бөлігі ретінде іріктелгендіктен, өзімізге жүктелген жауапкершілікті сезініп тұрмыз.

Бір жыл бұрын «100 жаңа есім» жобасындағы жеңістен кейін Президент алдында сөз сөйлеу мүмкіндігіне ие болдым. Сол кезде өзімнің арманым туралы айтып өттім. Кейіннен бізге қолдау жасалып, енді міне «Astana Hub» алаңында зертханамызды ашып отырмыз. Бізге мемлекетпен қатар, жеке инвесторлар да көмек көрсетуде.

- Сіздердің алаңдарыңызда жас стартапшылар тарапынан тың идеялар ұсынылып жатыр ма?

- Бірнеше өнертапқыш экология саласында өздерінің идеяларын іске асырумен айналысып жатыр. Бұдан бөлек, өткен жылы бір топ адам «Шеберханаға» келген болатын. Қазіргі кезде олар шетелдегі үздік университеттерде білім алуда және бізде бастаған жобаларын жетілдіріп жатыр. Шын мәнінде елімізде талантты жастар өте көп. Өкінішке қарай, олар өздерінің идеялары мен стартап жобаларын жүзеге асыру үшін қайда бару керектігін біле бермейді. Біздің мақсат - оларды тауып, көмек көрсету.

- Командаларыңызда кімдер жұмыс істеп жатыр?

- Біздің қатарымызға өте мықты адамдар жиналғанына қуаныштымын. Олармен университетте таныстық. Бұл білікті мамандар ортақ жобамыздан бөлек, басқа да жұмыстарын қатар атқарып жатыр. Осы қызметтерінде  жоғары лауазымдарда жұмыс істеуде. Дегенмен де олар біздің жобамызды жүзеге асыруға міндетті түрде уақыт табады.

Бүгінде өте қызықты жобаны пысықтап жатырмыз. Менің ойымша, «Шебархананы» Алматы мен Астанада ұйымдастырғаннан кейін, басқа жобаны іске асырмақпыз. Бұл ретте арнайы жабдықталған автобуспен өңірлерді аралауға кірісеміз. Әрбір тоқтаған қалада жергілікті стартапшыларға көмектесіп, мектепте инновациялық прототиптеу бойынша дәріс оқимыз.

- Еліміздегі цифрландыру бойынша қандай пікір айтасыз?

- Менің ойымша, біз өте дұрыс қадамдарды жасап келеміз. Енді тек осы бағыттағы жұмыс қарқынын үдете түсу керек.

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі идеясы неде деп ойлайсыз?

- Өте дұрыс бағдарлама, ең бастысы, оны жүзеге асыруға өз үлесімізді қосу керек. Осы орайда «100 жаңа есім» жобасына тоқталғым келеді. Бастапқыда «мені неге таңдады, басқа да білікті мамандар бар ғой» деген ой мазалады.

Кейіннен бұл бастама әр салада жас буынға үлгі көрсету үшін жасалғанын түсіндім. Әрбір саланың білікті маманы үлгі болып, өзіңнің күш-жігеріңмен жастарды ынталандыру өте маңызды. Осы жобаға қатысқаннан кейін, мені мектептерге жиі шақырады. Онда оқушыларға екі сағаттық дәріс оқимын. Атап айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің мәдени құндылықтарымызды насихаттау мақсатын көздеп тұрғандығы ұнайды.

-      Әңгімеңізге рахмет

Фото: 100esim.el.kz

Соңғы жаңалықтар