Санкт-Петербургте тұратын қазақстандық ұлттық киімді насихаттап жүр

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Кентаулық Шерхан Әбіловты көпшілік ұлттық киімді ұлықтаушы ретінде таниды. Санкт-Петербург қаласында тұратын оның үйінде шапан мен тақия, қазақы ою өрнек салынған кеселер мен ыдыстар көп. Сондай-ақ төрдегі бөлменің қабырғасында қазақ арыстарының суреттері бейнеленген кілемшелер ілулі тұр.

Кентау қаласының құрметті азаматы Шерхан Әбілов Ресей елінде актерлік өнерімен көпшілікті мойындатып, көптеген туындыларда белгілі тұлғаларды сомдап жүрген жан. «Ленфильм» киностудиясының актері, Ресей кино актерлер гильдиясының мүшесі, Ресей Федерациясы кинематографистер одағының мүшесі атанған. Шетелде жүріп жыр алыбы Жамбылдың рөлін ойнап, «Ленинградтық өрендерім» өлеңін оқыған. Ал, 2001 жылы «Ельцин. Три дня в августе» атты фильмде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бейнесін сомдаған.

«Жамбыл атамыздың рөлін сомдау үшін түсірілім алаңынан қазақы киімдер таппадым. Режиссердан сақал, қазақы киімдер сұрасам, олар таба алмады. «Енді қайдан аламыз десем?», «Сізде бар ғой» дейді. Содан үйден екі түрлі шапан алып бардым. Оның біреуін түсірілім алаңында, екіншісін үйдің ішінде жүргенде кидім. Сондай-ақ үйдегі көрпелерді, қоржындарды, самаурын, қамшы, шәйнек, кесе секілді қазақы заттардың барлығын түсірілім алаңына алып баруға тура келді. Себебі, онда қазақтың өмірін көрсететін ешқандай ұлттық заттар жоқ еді. Түсірілім тамаша өтті. Фильмдер көпшіліктің көңілінен шықты» - дейді ол.

Шерхан Әбдіұлының үйіндегі бір бөлмеде Ж.Жабаевтың, Ш.Уалихановтың, А.Құнанбаевтың және Алтын адамның суреті бейнеленген кілемдер ілініп тұр. Қазақ қыздарының билеп жүрген суреті салынған алашалар бар. Оларды Алматыдағы кілем зауытынан арнайы сатып алыпты. Сондай-ақ, сөрелерге ою өрнектері бар ыдыс-аяқтар, қоржын, шәйнек, самаурын, құмандарды қойып қойған.

«Елден таныстар қонақ болып келгенде намаз оқимын деп үлкен мата сұрайды. Мен қоя тұр деп жайнамаз беремін. Ресейде тұрып, жайнамаз ұстағаныма барлығы «қайдан алғансың?» деп таңғалады. Елге келгенде Түркістаннан жайнамаз бен құманның әртүрінен мол етіп алып кетемін. Дубайдан сатып алған жайнамазым да бар. Қайда жүрсем де ұлттық киімімізді ұлықтап, ұялмай киіп жүремін» - дейді актер.

Шерхан Әбіловтың шаңырағында ұлттық тағамдарда үзілмейді. Қазы-қартамен жасалған бешбармақты сүйіп жейтін таныстары көп. Одан бөлек, келген қонақтарға бауырсақ пісіріп, сүт қатқан шай береді.

«Мен жиі-жиі еліме қонаққа келіп тұрамын. Ал қайтарда міндетті түрде қазы-қарта сатып аламын. Ресейдегі үйімізде жыл он екі ай бойы қазы үзілмейді. Әуежайда қазыны санитарлық анықтамасын сұрап өткізбейді ғой. Мен қулыққа салып, қолыма ұстап «піскен қазы» деп алып өтем. Пісірілмесе алып қояды. Үйде ұлттық тағам – етті жиі асып тұрамыз. Қазыны қонақтар келген кезде асамыз» - дейді ол.

2003 жылы Санк-Петербургте Жамбыл Жабаевтың ескерткіші ашылғанда немересі Әлімқұл қария Шерхан Әбдіұлының үйінде арнайы қонақ болыпты. Шетелде жүріп, жерлесін тапқанына қуанған ол, қазақы нақыштағы заттарды көргенде таңданысын жасыра алмапты.

«Ет асып, үстелдің үстіне қойдық. Астына қазақы оюланған көрпелерді төседік. Шайды да оюы бар кесемен бердім. Құран оқыдық. Сөйтсем Әлімқұл «Бешбармақ жеп, оюлы кесемін шай ішіп, оюы бар төсекте отырмын. Бізді Ресейде жүр деп кім айтады» дегені бар» - дейді актер.

Шерхан Әбіловтың келіншегі де қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы біледі. Баласы қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Ал жары «Әке туралы әнді» қазақ тілінде нақышына келтіре отырып орындайды.

«Ресейде оқып жүрген кезімде «Ленфильммен» байланыс орнаттым. Кейіннен осында қалдым. Бүгінгі күні бәрі жақсы. Жалпы 1981 жылдан бері «Ленфильмде» киноға түсіп жатырмын. Қазірге дейін 100-ден аса фильмге түстім. 21 кітабым жарық көрді. Мұндағы қазақтар жиі-жиі жиналып, басқосып тұрамыз. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін, Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде атап өтеміз» - дейді Шерхан Әбдіұлы.


Соңғы жаңалықтар