Санкт-Петерборда Қазақстанның ІІМ зейнеткері оқыс жағдайда қайтыс болған

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Санкт-Петерборда мерт болған 62 жастағы қазақстандық ІІМ зейнеткері Вячеслав Жексенов ишемиялық аурумен ауырған , деп хабарлайды ҚазАқпараттың Мәскеудегі меншікті тілшісі.

РФ Тергеу комитеті қалалық Бас тергеу басқармасының БАҚ-пен байланыс басшысының аға көмекшісі Сергей Капитоновтың айтуынша, 2020 жылдың 21 қаңтарында қаза тапқан 1957 жылы туған зейнеткердің өліміне қатысты тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

«Жазатайым жағдай болған деген нұсқа бар. Ол ишемиялық аурумен ауырған. Есінен танып қалды деген болжам бар. Ол өз денесімен бірдей биіктіктен құлап, жабық бас сүйек-ми зақымын алған», -деді С.Капитонов.

Оқиға түскі уақытта болған. Мерт болған адам ауруханаға 15:37-де жеткізіліп, 16:41-де өмірден озды. Зейнеткер бірінші қабатта пәтеріне кіре берісте орналасқан аркада жатқан күйі табылған.

«Осы уақытта аркада жасөспірім жігіттер болған. Олар үнемі сол аумақта жиналып темекі шегеді екен. Ол бозбалаларға ескерту жасап, жігіттер қайтпақ болған. Сол сәтте зейнеткер есікті ашайын деп жатып құлаған. Оқушылар оған алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысып, жедел жәрдем шақырды. Сонымен қатар, дәл сол уақытта пәтерде оның әйелі мен қызы болған», - деді баспасөз қызметі өкілі.

Қазіргі уақытта тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, барлық нұсқалар қарастырылуда. Оқиға орны тексерілді, куәгерлерден жауап алынып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, сонымен қатар В.Жексеновтің туыстарынан жауап алынды.

«Негізгі нұсқа – жазатайым оқиға. Оны ұрып-соқты немесе оған қастандық жасалды деп айтуға негіз жоқ. Басына зақым келгенінен басқа дене жарақатын алмаған», - деді С.Капитонов.

Тергеуге дейінгі тексеріс нәтижесі бойынша процессуалдық шешім шығарылады.

Авторы: Нарымбек Ысмағұлов




Соңғы жаңалықтар